Өскеменде «Бақытты елдің баласымын!» атты байқау өтті

654
көрілім

Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада оқушыларды мемлекеттік тілді білуге деген құлшынысын арттыру мақсатындағы «Бақытты елдің баласымын!» атты байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Байқауда кітапханадағы қазақ тілінде ауызекі сөйлеуге үйрететін «Кел, сөйлесейік!» клубының қатысушылары бақ сынасты. Шараның өткізілуіне руханият ошағымен қатар Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болған.

«Бақытты елдің баласымын!» атты байқаудың мақсаты – жастарды Отанды сүюге тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды саналарына сіңіру және мемлекеттік тілде ауызекі сөйлеуге дағдыландыру. Байқау 3 бөлімнен тұрды. Атап айтқанда, «Қазақстан – сүйікті менің Отаным!» – ел тарихы туралы танымдық геймификация сұрақтарына жауап беру, «Өнерім – Отаныма арналады!» атты батл сайыс (қазақ тілінде өнер көрсету: өлең оқу, ән айту, би билеу, прозадан үзінді оқу және т.б) және «Бақытты елдің баласымын!» - қатысушы өзінің бақытты өмірі туралы  қазақ тілінде әңгімелеп берді.

Балалардың тыңғылықты дайындықпен келгені бірден көрінді. Біреулері ән шырқаса, енді бірі мәнерлеп өлең оқыды. Геймификация сұрақтары кезінде бәрінің жауап беру үшін жанталаса қолдарын көтергені – сол дайындықтарының жоғары деңгейде екендігінің дәлелі.

Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, байқау шарттарын жоғары деңгейде орындаған талапкерлер Өскемен қаласының мәдениет тілдерді дамыту бөлімінің Дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалғандары да құр алақан қалмады. Оларға ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттар берілді.