Өскемен қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметінің өкілдері кәмелетке толмаған төрт баласына қомақты сома алимент төлемей жүрген борышкерді анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, көші-қон қызметінің бөліміне 2 500 000 теңгеден астам қарыз болып, алимент төлеуден жалтарған 50 жастағы ер адамға іздеу жариялау туралы қаулы түскен.
- Іздестіру шаралары барысында көші-қон қызметіндегілер тез арада Өскемен қаласында алимент төлемеушінің орналасқан жерін анықтады. Іздеудегі ер адам тәртіп сақшыларының қолына түскен соң алиментті сол күні-ақ толық көлемде төледі, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері алимент төлемеген 350-ден астам адамды анықтады.
Көші-қон қызметі атқарушылық құжатты орындамағаны үшін заңда әкімшілік (ҚР ӘҚБК-нің 669-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК-нің 139-бабы) көзделгенін ескертеді.