Шілде айының басында Өскемен қаласы полиция басқармасының Көші-қон қызметі бөліміне жеке сот орындаушысынан өз баласын күтіп-бағуға алимент төлемей жүрген қала тұрғынын іздестіруді жариялау туралы қаулы келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері алимент төлемеген 24 жастағы әйелдің Өскеменде тұратынын анықтады. Белгілі болғандай, ол 4 жылдан астам уақыт бойы ресми түрде жұмыс істемегендіктен, осы уақытқа дейін күтіп-бағуға төлем жасамаған. Бүгінгі таңда ол баласына 1 500 000 теңгеден астам қарыз.
- Қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады. Жыл басынан бері шығысқазақстандық полицейлер 120-дан астам алимент төлемеген адамды анықтады, - деп атап өтті ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Елдос Закимов.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі атқару құжатын орындамағаны үшін заңда әкімшілік (ҚР ӘҚБтК 669-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК 139-бабы) көзделгенін ескертеді.