Өскеменде бас және мойын ісіктері туралы баспасөз мәслихаты өтті

283
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бүгін ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында «Бас және мойын ісіктері туралы республикалық хабардар болу апталығы» тақырыбында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Жиын барысында мамандар өңірдегі онкология саласының жағдайына тоқталып, ресми мәліметтермен бөлісті. Бас және мойын қатерлі ісігі – ауыз қуысы, жұтқыншақ, көмей, мұрын, параназальды синус, қалқанша безі, бас және мойын терісі сияқты аймақтарда дамитын қатерлі ісіктер тобы. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының статистикасына сүйенсек, елімізде бас және мойын ісігінің жыл сайын 1700 жағдайы тіркеледі. Бұл дерт көбіне 60 жастан асқан адамдарда кездеседі. 
– Жыл басынан бері бес ай ішінде өңірде бас пен мойын қатерлі ісіктерінің 73 жаңа жағдайы анықталды. Науқастардың орташа жасы – 55-64 жас аралығы. Былтырмен салыстырғанда сырқат саны 23,7%-ға өсті. Бұл көрсеткіш ерте диагностиканың сапасын жақсартумен байланыстырды. Қатерлі ісік ауруларының 60%-дан астамы бастапқы кезеңдерде анықталады, - дейді ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сагидуллина. 
Жауапты тұлғаның сөзінше, қатерлі ісіктердің алдын алу және ерте диагностикалау бойынша алғашқы әрі көлемді жұмыстар тексеру кабинеттерінде жүргізіледі. Оған науқас емханаға алғаш барған кезде жіберіліп, бас және мойын терісі, ауыз қуысы, қалқанша безі онкопатологияларының бар-жоғын тексереді. Егер қатерлі ісікке күдік болса, пациент «Жасыл дәліз» жүйесі бойынша кеңейтілген тексеруге аустырылады. Бұл тексеру уақытын қысқартып, нақты диагноз қоюды жеделдетуге мүмкіндік береді.
ШҚО КОжХО-да науқастың диагнозын анықтау үшін УДЗ, КТ, МРТ, фиброларингоскопия, сондай-ақ ультрадыбыстық бақылау арқылы қалқанша безі мен лимфа түйіндерінің жұқа инелі биопсиясы сынды тәсілдер қолданылады. Диагноз бен ісіктің таралу дәрежесіне байланысты орталық мамандары хирургия, химиотерапия, сәулелік терапия әдістеріне жүгінеді.

                                                                                                                                 
– Біздің орталықта қалқанша безіне бірегей ота түрі жасалады. Ол – эндоскопиялық тиреоидэктомия. Қазақстандағы бұл жаңа әдіс тек Өскемен мен Астана қалаларында енгізілді. Хирургиялық ота кезінде мойында тыртықты болдырмас үшін ісік безіне кеуде немесе қолтық асты арқылы жетеді. Бұл әдіс қан тамырлары мен жүйке талшықтарының зақымдану қаупін азайтып, отадан кейінгі кезеңнің жеңіл өтуін қамтамасыз етеді, - деді орталық директоры. 
Ал орталықтың онкохирургы Жандос Мағзұмов қатерлі ісіктің алдын алу үшін адамдар өз денсаулығына немқұрайлы қарамау керектігін жеткізді. 
- Онкологияға бірден бір себеп – шылым шегу мен алкогольді сусындарды тұтыну. Сондықтан жаман әдеттерден бас тартқан жөн. Бас пен мойын аумағы үнемі ашық болатындықтан, күн көзінен барынша қорғану керек. Арнайы крем жағып, бас киіммен жүрген дұрыс. Жеке гигиенаны сақтау,  дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу да маңызды рөл атқарады. Адам папилломавирусы (АПВ) сияқты кейбір инфекциялар бас пен мойын қатерлі ісігінің даму қаупін арттыруы мүмкін. Дәрігер тексерісінен уақтылы өту жаман аурудың алдын алуға мүмкіндік береді, - деді Жандос Махмұтұлы.

Қымбат МУХАМАДИЕВА