Ұзақ уақыт шаһарда ғұмыр кешсе де, пәтер сатып ала алмай жүрген отбасылар баяу жылжитын кезекке наразы. Бүгін солардың жанайқайы тыңдалып, әлеуметтің осал топтарына жататын жанұяларға ресми жауап берілді. Ата-аналар «Отбасы банк» өкілдері мен қала әкімдігінің қызметкерлеріне таңданыстары мен ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтыны тілшісі.
Иә, қала тұрғындарының таңданатын тұстары аз емес. Үй алудағы қисынсыз шарттар, несие ресімдеу үшін тапқан табыстарының жетпеуі – көп адамды қажытқан. «Қазақстан Халық партиясы» ШҚО филиалы басшылығы жауапты тұлғалардың басын қосып, осы тақырыпты тереңірек талқылады. Қазіргі уақытта көпбалалы және жалғызілікті аналар үшін баспана сатып алу қиынға түсіп жатқандығымен олар да келіседі. Ұйымдастырушылар алдымен сөз кезегін «Отбасы банк» ШҚО филиалы директорының орынбасары Сәуле Қабылбековаға берді. Оның сөзінше, I, II топтағы мүгедектер, көпбалалы және мүгедек балаларды асырап отырған жанұялар, жетім балалар мен «Батыр аналар» үшін үй алуға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бар. Одан бөлек, кезектегі басқа тұрғындар «Шаңырақ», «Нұрлы жер» бағдарламаларына иек арта алатын көрінеді.
– Осылар бойынша жергілікті атқарушы орган тұрғын үйлерді бөледі. Ең алдымен, жергілікті әкімдікте кезекте тұруы керек. Барынша ерте тұруға тырыссаңыздар несиелік пәтерге ие болу мүмкіндіктеріңіз жоғарылайды. Несиелеу шарттары көпшілікке белгілі: «Бақытты отбасы» – 2% (10 % алғашқы жарна төлеу негізінде), «Шаңырақ» – 5% (бұл да 10%). Айта кетейік, «Бақытты отбасы» биылдан бастап I, II топтағы мүгедектерді де қамтыды. Кейінірек мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жанұялар да кірмек, – деді Сәуле Көкенқызы.
«Шаңырақ» пен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша барлық санаттағы тұрғындар үй алуға құқылы. Ал «Бақытты отбасы» жоғарыда жазылған төрт категориямен шектелген. Мұның пайызы да ең төмен (2%) дейді. Аталған бағдарламаларға сәйкес, қала әкімдігі мен «Отбасы банк» келісімшарт жасасып, кейін бір ай көлемінде конкурс өтеді. Осыған сәйкес, былтыр 45 пәтерлі екі үй «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде берілген.
– Тиісті санат бойынша тұрғындар бір ай ішінде онлайн түрде өтініш береді. Өтінішті қабылдау біткен соң компьютер автоматты түрде санап, кезекке тұру реттілігін жүйелейді. Кейін біртіндеп тұрғындарды шақыра бастаймыз. Олар келген соң алған несиесін төлеу бойынша нақтылау жұмысы жүреді. Несиелік баспана алудың бір шарты – өтініш беруші міндетті түрде жұмыс істеуі керек. Болмаса, алты ай көлемінде еңбекпен қамтылуы тиіс, – деді банк өкілдері.
Ал I, II топтағы мүгедектер мен көпбалалы аналар кезекке тұрып, алайда жұмыс істемей жүрген болса, онда отбасы мүшелерінің табысы қаралады. Нақты айтсақ, күйеуі, балалары қосалқы қарыз алушы (созаемщик) бола алады. Олардың жалақысы есепке алынып, төлем қабілетін растауға мүмкіндік туындайды. Анығы сол, жыл басталғалы әлі бірде-бір үй берілмеді.
Дегенмен жиынға қатысқан әртүрлі санаттағы қала тұрғындары бұл мәліметтерден хабардар екендіктерін, жеме-жемге келгенде үй алудың машақаты таусылмайтынын жеткізді. Залдағы дөңгелек үстелді айналдыра жайғасқан жандардың көбі бес, 10-15 жылдан бері пәтер жалдап тұрып жатқандар. Көпбалалы отбасылар «ай сайын баспанаға төлейтін ақыны өз үйімізге төлесек» дейді. Айталық, Ахмер кентінен келген алты баланың анасы Қазима Сәрсенбаева баспана кезегіне үш жыл бұрын тіркелген. Соңғы кезде жылжымай қойған көрінеді.
– Өзім науқас адаммын. Қан қысымым жиі көтеріліп, жүрекке салмақ түсірмеуге тырысып келемін. Анализ тапсырып тұрмасам, кез келген уақытта денсаулығым сыр беруі мүмкін. «Баспана кезегі қалай етсе жылжиды?» деген сауал жетелеп әкелді. Қазір кезекте 112-ші болып тұр екенмін, – дейді зейнеткер.
Көпбалалы аналардың бірі «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелік пәтерге ие болу үшін табыстың қанша теңге болуы керектігін сұрады. Айтуынша, өзі бала күтімінде, жолдасы ай сайын 200 мың теңге табады. Бірақ банкке барғанда табысы 0 деп көрсетілген. Жалпы, олардың қойған бірде-бір талабы сай келмейді.
Жауапты тұлғалар дәл осы сұраққа келгенде шашыраңқы жауап ұсынды. Олардың сөзінше, баспана конкурсына қатыспай, алдын ала болжам жасау асығыс қорытынды жасауға әкеледі. Қалалық тұрғын-үй қатынас бөлімінің басшысы Айбек Салбановтың сөзінше, бүгінде Өскемен бойынша 14711 адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде, көпбалалы аналар саны – 1378. 2021 жылы 500-дей адам тұрса, осы уақытқа дейін айтарлықтай өскен.
Анықталғандай, «Қазақстан Халық партиясы» ШҚО филиалы басшылығы мен қалалық мәслихат депутаттары көптің санасында түрлі сауал туғызған «Бақытты отбасы» бағдарламасының талаптарын жеңілдету бойынша ұсыныстар тізімін дайындады. Алдағы соны депутаттық сауал ретінде Үкіметке жолдайды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ