Өскеменде «Бір ел болып оқимыз» атты әдеби сағат өтті

434
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Шара «Защита» кітапханалық пунктінде ұйымдастырылды. Бұл жолы жиынға арқау болған – қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы мен өмірі, ол жазған кітаптар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әдеби сағат «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жоспарға енгізілген. Мақсаты – балалар мен жастардан бастап, ересектерге дейін кітап оқудың маңызын, пайдасын түсіндіріп, көпшілік арасында насихаттау. Айта кетер жайт, әр жылы әртүрлі шығармашылық адамдары ұсынылады. Былтыр белгілі ақын Әбділдә Тәжібаевтың өлеңдері оқылса, келер жылы да поэзияға ден қоюымыз мүмкін.
Кітапхана қызметкерлері әдеби сағатқа тыңғылықты дайындалғандары бірден байқалды. Балалар үшін бәрі қызықты әрі қажет ақпараттарға толы болсын деп көп жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар еңбек ардагері Тәттімбек Қазыбекұлын шақырған. Өскелең ұрпақ санасында отандық әдебиетке қызығушылықты ояту мақсатында Бердібек Соқпақбаевтың өмір жолынан мысалдар келтірді.


– Бұл қаламгер жас күнінен шымыр, спортты серік етіп өсті. Үнемі жаттығулар жасап жүрді. Бірақ оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен спортқа ден қойып айналыса алмады. Кейінірек өзі жазған шығармаларында осы тақырыпты армансыз қаузады. Соның бірі – «Жекпе-жек» повесі. Ол жерде қиындыққа қарамай, жоғары жетістікке жету туралы кеңінен әңгімеленеді. Бокс тақырыбы жазылған, – деді ақсақал.
Тәттімбек Қазыбекұлы келген оқушылармен кері байланыс орнатып, олардан қазақтан шыққан Әлем чемпиондары туралы сұрады. Олар «Серік Сапиев!», «Бекзат Саттарханов!», «Геннадий Головкин!» деп жарыса сөйледі. Ақсақалдың айтқан ақылы сол – әдеби кітаптар оқу арқылы адамның ой-өрісі кеңіп, тіл байлығы мен жазу сауаттылығы артады.


Ұйымдастырушылар жеткіншектерге Бердібек Соқпақбаевтың танымал шығармаларының бірі – «Менің атым Қожа» жайлы құнды ақпаратты қысқа да нұсқа етіп түсіндірді. Бастысы, кішкентай меймандар қазақ фильмінің алтын қорына енген туындыны көріп шыққан. Кейіпкерлердің есімдерін жатқа біледі.


– Бұл повесть әлемнің 67 тіліне аударылған. Ал фильмнің өзі 1963 жылы түсірілді. Кейінірек Канн кинофестиваліне жүлдеге ұсынылған. Абдолла Қарсақбаевтың еңбегі Франция төрінде көпшілік жүрегіне жол тартты, – деді ұйымдастырушылар.
Осы аралықта кітапхана қызметкерлері Қожаның үйінде айнаның алдында отырып айтқан монологын келтіріп, шағын қойылым тарту етті.


Жалпы, аталған акция жыл көлемінде жалғасады. Кітапханашылар қазір жазушының 100-жылдық мерейтойын атап өтуге қам қылуда.
– Бердібек Соқпақбаевтың көп шығармашылығы балаларға арналған. Сол себепті төменгі сыныпта оқитын оқушыларды шақырдық. Шыны керек, балалар да, жасөспірімдер де қазір гаджеттерге көп уақытын арнайды. Осы маңда орын тепкен Мұхамеджан Тынышпаев атындағы №22-ші орта мектеп бүлдіршіндері бүгін рухани азық алса, біз үшін қуаныш. Бір жағынан, қазіргі буын қазақ жазушыларының шығармаларын оқып, көңілдеріне тоқи білсе, кейін ұлттық руханиятқа да үлес қоса алады, – деді қызмет көрсету секторының кітапханашысы Назым Көбенова.
Әділхан ЕСІМХАНОВ