Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратында «Біргеміз» атты облыстық еріктілер слеті өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
5 желтоқсан-халықаралық еріктілер күніне орай Өскемен жоғары медициналық колледжі ұйымдастырған шараға облысымыздың түкпір-түкпірден колледждер мен ЖОО-дан 50-ге жуық еріктілер клубы жиналды.
- Қазіргі уақытта облысымызда 14-29 жас аралығында 260 мыңнан астам жас бар. Баршаңызға белгілі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Волонтер болу дегеніміз – риясыз мейрімділік көрсету, жақсылық жасау, қолдан келген көмекті аямау. Бүгін осында өңіріміздің ең белсенді, жан жақты волонтерлары жиналып отыр, - деді ШҚО әкімдігінің жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков. - Баршаңызды келе жатқан тұрылғы Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Алда нәтижелі жобалар болады деп сенемін.
Жиналған еріктілер алдымен 5 оқу орнының «Волонтер – звучит гордо!» атты волонтерлік қозғалыстың презентациясымен танысты. Ары қарай арнайы келген спикерлер мен психологтар түрлі тақырыпта дәріс-тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізді.
- Бүгін сіздерді осы жерден көріп отырғаныма қуаныштымын! Ертеңгі елдің тұғырлы тірегі болатын ол сіздер - жалынды жастар. Еріктілер жылы Шығыс Қазақстанның еріктілері үздіктер қатарынан көрінеді деп сенемін! Келесі жылғы бірлесіп жасайтын жұмыс жоспарымызды, бағыт-бағдарымызды анықтау мақсатында жиналып отыр екенсіздер. Болашақта жақсы нәтижелер көрсетіп, үлкен белестерді бағындырамыз деген сенімдемін! - деді ШҚО Ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.