Салтанатты шара Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ұйымдастырылды. Оған Өскеменнен бөлек, облыс аудандарынан келген бас редакторлар мен журналистер қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Маусым айының соңғы аптасы түрлі оқиғаның бел ортасында жүріп, ақпарат тарататын тілші қауымы үшін әр жылы қарбалас. Биыл да солай. ҚР Журналистер одағы ШҚО филиалы мұрындық болған салтанатты шара басында алдымен сөз кезегі ардагер журналист, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бұрынғы бас редакторы Уәлихан Тоқпатаевқа берілді. Оның айтуынша, мерзімді басылым мен көгілдір экран арқылы мәлімет ұсынатын журналистердің арқалаған жүгі бір. Солардың еңбегін елеп, одақ филиалы қолға алған шараны ерекше атап өтті.
- Қазақ баспасөзі небір құрметке лайық. Оның негізін қалағандар қашан да ұлттық идеологияның жаршысы болып келді. Осы ретте қазақ баспасөзі сол міндетін әлі де мүлтіксіз атқаруда. Журналистердің әр салада алатын орны ерекше, - деді ардагер қаламгер.
Журналистер одағы ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы жиынды өткізуге қолұшын берген кітапхана ұжымына, концерттік нөмір ұсынған өнерпаздарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, марапат жанына сертификат қосқан KazMinerals компаниясының баспасөз хатшысы Ермек Дүзкеновті атап өтті. Бұл ретте облыстық «ALTAI» арнасының директоры Берік Көшербаев сөз алып, ұжым атынан Журналистер одағы ШҚО бойынша филиалының хатшысы Талғатжан Мұхамадиевке Алғыс хат табыстады. Айтуынша, ол мерзімді басылымда жүрсе де, жарты жыл көлемінде таңғы бағдарламаны сәтті жүргізіп келеді.
Бұдан соң бес адам Қазақстан Республикасы Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Атап айтсақ:
- Мұрат Әміренов, ардагер журналист
- Мейір Тоқабаев, Рудный Алтай газетінің тілшісі
- Галина Вологодская, Казахстанская правда газетінің ШҚО бойынша меншікті тілшісі
- Берік Көшербай, Алтай телеарнасының директоры
- Виктор Скрипниченко, Устинка LIVE желілік басылымының директоры.
Әрі қарай бірқатар журналист облыстық филиалдың Алғыс хатына лайық деп танылды:
- Қызырбек Дүргінбай, облыстық "Дидар" газетінің тілшісі
- Өскемен қалалық "Мой город" газетінің редакциясы
- Нәзерке Кәрімова, Устинка.кз сайтының тілшісі
- Гүлмира Бекбосынова, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті журналистика мамандығының оқытушысы
- Глубокое аудандық "Ертіс алауы - Огни Прииртышья" газетінің редакциясы
- Бақытгүл Мұратбекқызы, Риддер қалалық "Жерұйық" газетінің тілшісі
- Гүлжанат Шакенова, Ұлан аудандық "Ұлан таңы" газетінің тілшісі.
Бұл жерде Гүлмира Бекбосынованың С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да көп жылдан бері болашақ журналистерді даярлауда сүбелі үлес қосып келе жатқанын айта кеткен орынды.
Осының алдында Қазақстан Республикасы Журналистер одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Ақылдастар алқасының шешімімен екі номинация бекітілген болатын. Атап айтқанда, облыстағы «Үздік баспасөз хатшы» және «Үздік жас журналист» номинациялары. Алғашқысы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің баспасөз қызметіне жетекшілік етіп отырған Қарлығаш Қанатқызына бұйырса, келесі номинацияны облыстық «Менің өлкем» газетінің шығарушы редакторы Әділхан Есімханов иеленді.
Тағы бірнеше адам Қазақстан Республикасы Журналистер одағының жаңа мүшесі атанды:
-
Ерболат Мұқажанов, Шығыс Қазақстан облыстық «Менің өлкем» газетінің директоры
-
Эльмира Ахметова, Хабар-24 арнасының ШҚО бойынша меншікті тілшісі
-
Тимур Смағұлов, Катонқарағай аудандық «Арайлы Катонқарағай» газетінің бас редакторы
-
Салтанат Кеңесбекова, Алтай телеарнасының тілшісі
-
Гүлдана Серікқазыева, Алтай телеарнасының тілшісі
-
Ынтымақ Толқын, Дидар газетінің тілшісі.
Мерей Қайнарұлы журналистер мерекесі мұнымен бітпегенін жеткізді. Айталық, маусым айының 29-ы күні кешкі сағат 17:00-де Өскеменде БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан аймақтық турнир өтеді.
Сайыс өтетін жер: «Алтай» стадионы.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Фотосуреттер автордікі