№ 5, 12, 17, 33, 39, 42, 53, 67, 71, 351 бағытындағы жолаушы зейнеткер мен оқушылар енді толық жол жолақысын төлейтін болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
«Бэст» АТЦ-ден кейін «Vosca» авто тасымалдау ЖШС де жолаушылар үшін жеңілдіктер болмайтынын ескертті. 70 жастан асқан зейнеткерлер мен 15 жасқа дейінгі оқушылар 8 шілдеден бастап 90 теңге төлейтін болады.
– Бұл жағдай қаржы тапшылығынан туындады. Осылай жасауға мәжбүр болдық. Осы уақытқа дейін өз есебімізден қаржыландырдық. Алайда жағармай бағасы күрт көтеріліп кетті. Қала әкімдігі бұл мәселеге еш көңіл бөлмей отыр. Жарты ай бұрын біз хат жолдаған едік, бірақ жауап келмеді. Басқалары да мұндай қадамға баруға мәжбүр болып отыр. Әйтпесе ешкім шығынға ұшырағысы келмейді, – дейді «Vosca» ЖШС-нің эксплуатация жөніндегі директордың орынбасары Виктор Рымарев.
Қалалық бағыттардағы «РОСТ», «Вебас» және «Марат М» компанияларының көлік тасымалдау мекемелері әзірге жеңілдіктерін алған жоқ.