Өскеменде блефаропластика жасатқан әйел қайтыс болды

140
көрілім
Фотосурет ашық дереккөзден

Қалалық №2 соты аталған істі Қылмыстық Кодекстің 322-бабы (Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және есiрткi немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілердi немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау) бойынша қарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Анықталғандай, косметологиялық қызмет көрсететін азамат К. өзінің танысы А.-дан әйел адамға блефаропластика (қабақтың артық терісін алу) отасы кезінде көмектесуді өтінген. Отадан кейін ол науқастың бет-әлпетінің ісігенін байқап, көмекшісінен екпе салуды сұрады.  
- Медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы жоқ А. науқасқа сынама ретінде лидокаин мен цефтриаксонды қосып, бұлшықет ішіне салған. Инъекциядан кейін науқастың жағдайы нашарлады, - деп мәлімдеді Өскемен қаласының № 2 сотының баспасөз қызметіндегілер.
Әйел дереу облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізіліп, сол жерде қайтыс болды.  
Сот А.-ны үш жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. 
Үкім заңды күшіне енген жоқ.