«Доза!» деп долданған әйел адам есірткіге қол жеткізу үшін кез келген қылмыстық әрекетке даяр еді. Аласұрып, ашкөзденген нашақор жалғыз өзі кетіп бара жатқан әжені байқап қалады. Апаны аңдыған ол ұрымтал сәтте қарияға қырғидай тиеді. Оқиғаның жай-жапсары Өскемен қалалық №2 сотта қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған.
Мамырдың мамыражай күндерінің бірінде таңсәріден оянған Светлана Чернякова (аты-жөндері толықтай өзгертілген) үйден шығып ауруханаға қарай беттейді. Қолына сөмкесін ұстаған қарттың көңіл-күйі бүгін көтеріңкі. Сөмке демекші, соның ішінде әженің бар байлығы жатыр – зейнеткерлік куәлік, банк картасы, алтын және күміс әшекейлер мен ақша салынған әмиян.
Түс ауа Светлана үйге қайтпақ болады. Ағаштар бүршік жарып, бәйшешектер гүл атып, жасыл желекке оралған айнала ерекше құлпырып тұр. Осындайда көңіл-күй қайдан төмен болсын? Тек әжені соңынан бір елі де қалмай келе жатқан бейтаныс әйел елеңдетті. Үсті-басы ала-құла, шалбары да жыртық. Міне үйге де таяп қалды. Ал әлгі белгісіз біреу кетер емес. Өне-бойында үрей лаулаған Светлана Чернякова қадамын тездетіп подъезге кіріп кетеді. Пәтерінің есігіне таяп қалып еді кенет арқасынан шап берген жаңағы әйел апаны жерге құлатқан…
Шабуылдаған азаматшаның аты-жөні – Ирина Михаилова. Бойында есірткіге тәуелділігі бар оның тұрақты жұмыс орны да жоқ. Соңғы күндері тіпті бір дозаға ақша таппай есерсоқтанған Ирина не істерін білмей әбден қиналған. Бар ойлағаны – есірткі қабылдау. Көше кезіп жүргенінде тәуір киінген әжені көзі шалып қалады. «Әй, мынаның сөмкесінде ақша бар» деп топшылайды ол. Осылайша әйел адам ойланбастан қылмыстық әрекетке баруға бел байлайды.
Подъез ішінде Светлананы алып ұрған өскемендік сөмкені алмақ болғанда, беріспеген әже қысып ұстап жібермей қойған. Иринаның сөмкені қатты тартқаны сонша әжені баспалдаққа сүйрей жөнеледі. Қарт кісі есінен танып қалғанда ғана шабуылдаушы оқиға орнына із суытқан.
Біраз уақыттан кейін есін жиған әже далаға шығып сол маңдағылардан полицияға қоңырау шалуларын сұрайды. Лезде келіп жеткен құқық қорғау органының қызметкерлері сөмкені көп ұзамай тапты. Алайда ішінде түк те қалмаған.
Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Сот үкімі бойынша Ирина Михаилова 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар 300 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылған сотталушы есірткіге тәуелділіктен емделетін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ