Облыс орталығында демалыс күндері үш өрт жағдайы тіркелді, оның екеуі монша, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқарамсының мәліметінше, 11 қаңтар күні сағат 18.47 шамасында Самар тасжолы маңындағы моншадан өрт шыққан. Өрт болған аумақ сегіз шаршы метрді құрады.
Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер өрттің шығу себебіне байланысты бірнеше нұсқа қарастыруда. Өрт электр жабдықтарының дұрыс жұмыс істемеуі немесе оны орнату кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуынан, пештің кінәратынан немесе монша жағушылардың отты абайсыз пайдалануынан орын алуы мүмкін.
Екінші өрт оқиғасы 12 қаңтар күні түн ортасында Носиков көшесіндегі жеке секторда пайда болған. Жуынатын бөлмеде басталған өрт салдарынан моншаның ағаш орындықтары жанып , кейін шатырға жайылған. Өрттің аумағы 60 шаршы метрді құрады. Өрт электр жабдықтарының талапқа сай жұмыс істемеуінен немесе пешті орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуынан пайда болды деген болжам жасалуда.
13 қаңтарға қараған түні Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында кофе әзірлейтін шағын дүңгіршек өртке оранған. Хабар сағат 3.11 шамасында келіп түседі. Өрттің жалпы аумағы үш шаршы метрді құрады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.