«Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалында «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Отырыс барысында комиссия мүшелері Шығыс Қазақстан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындықты және 2019 жылдың 9 айында жедел медициналық көмек көрсету мәселелерін талқылады.
- Облыс тұрғындарының денсаулығы мен көрсетілетін қызметтер біздің басты назарымызда болуы тиіс. Бұл ретте біз алда болуымыз қажет. Өйткені тұрғындардың денсаулығы жақсы болса халықтың әлеуеті де жоғарылайды, -- деп атап өтті «Nur Otan» партиясы ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Айта кетейік, өңірде соңғы уақытта денсаулық сақтау саласына аса мән берілуде.
«Денсаулық сақтау» бағыты бойынша комиссия жетекшісі Зарина Камасованың айтуынша, жаңа жобалар мен бағдарламалар тиісінше атқарылып, халыққа пайдасын тигізуі қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге әзір болып, барлық аудандарды дұрыс қамту керек.
Жиынға сонымен қатар "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" ШҚ облыстық филиалының басшысы Ғалымжан Әбілов, "Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы" МКК басшысы Марат Ластаев пен облыстық мәслихат депутаттары да қатысты.