Кәсіби мереке қарсаңында өңірдегі тәртіп сақшылары жеңіл атлетикалық жарыс өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты ерекшеліктерінің бірі - қатысушылар қызметтік киім үлгісімен қатысты. Өйткені, полиция қызметкерлері жұмыс барысында жиі ұшырасатын құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруда ыңғайлы спорттық киімде емес, шалбар мен жейделерімен жүгірулері керек.
Эстафетаға Полиция департаменті аппаратының бөлімшелері, Өскемен қаласы Полиция басқармасы, Ертіс, Үлбі, Солжағалау ПБ, сондай-ақ облыстық орталығына жақын орналасқан Глубокое және Ұлан аудандарының ПБ командалары өздерінің шыдамдылықтары мен жеңіске деген ерік-жігерлерін көрсетті.
Жүгіру дистанциясы 2000 метрді құрады, әр команда 5 адамнан тұрды. Жарыстың әр қатысушысы эстафеталық таяқшаны әріптесіне тапсырып, 400 метр қашықтықты жүгіріп өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: бірінші орынды - Ертіс ПБ командасы, екінші орынды - Өскемен қалалық ПБ аппаратының командасы, 3 орынды - ШҚО Полиция департаменті аппаратының қызметкерлері иеленді.
Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.