Нәтижесінде төрт жоба үздік атанып, олардың авторлары қазір республикалық байқауға қатысуға ниет білдіруде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Марапаттау рәсімі Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру мекемесінде өткізілді. Мәреге жеткендерді «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облысы филиалының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов құттықтады.
– Бұл байқау 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен жеңімпаздарға арналған ынталандыру сыйлықтарының жалпы сомасы шамамен 4,5 миллион теңгені құрады. Аудандық жарыстардың нәтижелері бойынша 15 жоба облыстық комиссияның қарауына жолданып, олардың ішіен ең үздіктері таңдалды. Мен барлық қатысушыларға алғысымды білдіріп, байқау жеңімпаздарын құттықтағым келеді. Сіздерге ары қарайда сәттілік тілеймін, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.
Облыстық конкурс нәтижесі бойынша бірінші орынды «Авто-ерікті» жобасымен өскемендік Анна Мазаева алды. Жеңімпаздың айтуынша, еріктілерді біріктіру идеясы 2016 жылдан бастау алған. Қала тұрғындары мұқтаж жандарға бар мүмкіндіктерінше көмектесуге дайын екендіктері де байқалған.
– Біздің еріктілер мүгедектерге, көп балалы аналар мен зейнеткерлерге қала ішінде тиісті жерге жетуге көмектеседі. Көлік болмай қалған кезде өте үлкен көмек. Мүмкіндігінше мұқтаж жандарды қолдауға дайынбыз, – дейді Анна Мазаева.
Оның айтуынша, бүгінде көлікпен тасымалдауға келіскен еріктілер саны 32 адам.
Ал екінші және үшінші орындар үшін дипломдар мен бағалы сыйлықтар «Ғажайыптар әлемі» қоғамдық бірлестігінің сауықтыру және дамыту орталығының төрайымы Лилия Мамбуроваға, «Ізгі ниет» қайырымдылық қорының төрайымы Ирина Ляховскаяға және «Зайсан жастары» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жансай Мұстабековаға табысталды.