Өскеменде дүкен иесі ақша талап еткен қарулы ер адамның қаруын тартып алды

401
көрілім

29 желтоқсанда Өскемен қалалық Полиция басқармасына азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл туралы ақпарат келіп түсті. 45-50 жастағы белгісіз ер адам қару тектес затпен қорқытып, дүкен сатушысынан арақ пен ақша талап еткен, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Дүкеннің иесі қарулы адамнан жасқанбай, қолынан қаруын тартып алған. Ер адам масаң күйде қаруын қайтарып алуға тырысады. Алайда, дүкен иесі оның басынан қарумен ұрған кезде, қарақшы дүкеннен шығып қаша жөнеледі.

Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, күдіктінің сипаттамасын жасайды. Қысқа уақыт ішінде жедел-тергеу тобы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған 1965 жылы туған жұмыссыз ер адамды анықтап, ұстайды. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы (тонау) және 287-бабы (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері Өскемен қаласы тұрғынының батылдығын жоғары бағалап, алғыс хат пен сыйлық тарту етті.