Ресми жиын «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы ШҚО филиалының ғимаратында өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Астанадан келген меймандар шара кезінде кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына тоқталды. Техникалық реттеу бойынша үйлестіру орталығы басшысының орынбасары Ғалым Мұқыжановтың сөзінше, мал азығының қауіпсіз болуы да аталған регламенттердің бірі. Қазір бұл жағы жан-жақты талқыланып жатыр. Егер есеп-қисабы шығарылып, мамандар мақұлдаса ел ішінде біртіндеп қолға алына бастайды.
– Кедендік одақ шеңберінде Қазақстан екі жобаның өзгерісіне жауапты. Солардың біржақты етуде Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қадамдар жасалуда. Бұл жерде отандық тауар өндірушілердің шығынға батпауы маңызды. Техникалық реттеудің негізгі жаңашылдықтары деп тұтынатын өнімнің қауіпсіз болуын қадағалауды айтуға болады. Жалпы, «Тұтынатын өнімнің қауіпсіздігі туралы» кедендік одақтың техникалық регламентіне шілде айының 25-і күні өзгеріс енді. Ол жерде шоколад және шоколад өнімдерін әзірлеуге қойылар жаңа талаптар бекітілді, – деді Ғалым Мұқыжанов.
Шараға жиналған кәсіпкерлер көкейде жүрген сауалдарын қойып, қазіргі өзекті мәселелерді қаузады. Олардың сөзінше, қазір елдегі нарық экспорттық өнімдерге толып кеткен. Ал отандық тауарлар көп жағдайда өз бағасын жоғалтып жатады. Техникалық реттеу бойынша үйлестіру орталығының эксперті Азамат Забеков ЕАЭО қарастыратын регламентте дәл осы тақырып талқыланып жатқанын жеткізді. Одан бөлек, мұқият қарастыруды қажет ететін бірнеше мәселе барын айтты.
– Сынақ зертханалары мен метадологиялық қамтамасыз ету бойынша материалдық-техникалық базаға әрі қарай да сараптама жүргізген орынды. Ұлттық өнімдерге деген сұраныстың артуын ескерсек, олардың құрамы қауіпсіз болуын қадағалайтын техникалық регламенттерді дұрыстап бекіткен жөн, – деді Азамат Төлешұлы.