Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «IQ - санаңды серпілт» атты кешкі кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кітапхана директорының орынбасары Жанат Мауытқызының сөзінше, дәл осындай форматта тұңғыш рет өткізіліп отыр. Қалалық кітапхана басшылығы бүлдіршіндерден бастап, егде жастағы меймандарға дейін көңіл көтеру жағын жіті ойластырған. VR-киіз үйдің өзі аз уақытта бірнеше адамды қамтып, түрлі әлемге жетелеп әкеледі. Айта кетерлік жайт, кеште балалар мен жастар үлесі мол болды. Ең алдымен барлық мейман оқу залында жайылған «әдеби дастарханнан» «дәм алды».
Шара қызыған сәтте қала әкімі Жақсылық Омар келді. Келгендегі мақсаты да айқын. Көпшілікпен диалог орнатып, жастар қауымымен еркін ой алмасу.
- Шынымды айтайын, өзімнің қатарластарымнан озып, кітапты төгісіп оқыдым дей алмаймын. Бір жағынан, ауыл кітапханалары да ол кезде онша бай емес. Балалық, жастық шағымызда шама-шарқымызша кітап оқыдық. Жалпы, әдеби сауатымыз қатарлстарымызбен қарайлас, - деді Жақсылық Омар.
«Әдеби дастарханда» мотивациялық еңбектерден бастап, түрлі көркем-әдеби, спорт, бизнес және өзге де салаға қатысты тақырыптар бар. Қазақтың классик жазушыларының барлық дерлік, орыс, батыс, жапон, чех және өзге ел қаламгерлерінің шығармалары ұсынылды.
Өлең де оқылды, мақал да айтылды. Тіпті, арагідік поэтикалық дуельге де ұласты.
- Бүгін кешқұрым екі сағатта кішкентай бүлдіршіндер өздерінің IQ деңгейлерін арттыратындығына кәміл сенімдіміз. Мұндай кездесулер әлі талай ұйымдастырылады. Дегенмен бүгін шаршы топ алдында өнер көрсету мүмкіндігі берілсе, қапы қалмаңыздар. Сіздерге сыйлығымыз да бар, - деді бас кітапханашы Таңнұр Башай.