Өскеменде ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Ертіс» әдеби-шығармашылық клубы ашылды. Ашылу рәсіміне өңірге танымал белгілі ақындар мен БАҚ өкілдері қатысып, клубтың алдағы жұмыс жоспарымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісы.
Кездесу барысында қонақтар өз ойларымен бөлісіп, тың идеяларын ортаға салды. Осы орайда «Шабыт» ақындар үйірмесінен түлеп ұшқан жас ақындар өздерінің сиясы кеппеген өлеңдерінен шашу шашты. Бір қуантарлығы, кітапхана әкімшілігі «Ертіс» клубына жеке шығармашылық кабинет ашып берді.
Айта кетейік, алдағы жоспарларға сай «Шабыт» ақындар мектебінің жетекшісі, ақын, журналист Қызырбек Дүнгінбайұлының «Абай әлемі» (Бұл кітап қос автордың өлең жинағы. Екінші авторы Бауыржан Игілік) сериясымен жарық көрген кітабының таныстырылым-тұсаукесері өтеді.
«Ертіс» шығармашылық клубы алдағы уақытта өз жұмысын жалғастыра отырып, шығыстың жас таланттарын «өмірге әкелетін» болады.