Өскемен қаласында жер үйдегі өртті көршілері сөндірген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Баклажанная көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Бұл кезде үй ішінде ешкім болмады.
«Жалынды көрген көршілері Нұрлан Қайратұлы мен Ербол Сәдуақасов құтқарушыларды күтпей-ақ көмекке ұмтылған. Үйлесімді әрекет еткен олар үй ішінен газ баллонын алып шығып, тілсіз жауды сөндіруге кірісті. Сәлден соң орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері келіп жетті. Олар өрттің толықтай ауыздықталуына жәрдемдесті», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қызыл жалынның жалпы ауданы 10 шаршы метрді құрады. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.