Өскемен қаласының шетіндегі саяжайлардың бірінде орын алған қанды оқиғаға қатысты соталды тергеу амалдары басталды. Іске қатысты 1986 жылы туған ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Торғаевтың хабарлауынша, 30 сәуір күні «Үлбі» аудандық полиция бөліміне ер адам келіп, өзінің аса ауыр қылмыс жасағанын айтқан. Бұдан кейін құқық қорғаушылардың анықтауы бойынша, Өскемен қаласының шетіндегі саяжайлардың бірінде екі адамның мәйіті табылған. Құқық қорғаушылар анықтай келе мәйіттері табылған екі әйел қылмысын мойындаған ер адамның зайыбы мен енесі болып шықты.
– Мәйіттер қазіргі уақытта сараптамаға жөнелтілді. Аталған қылмыстық іске қатысты 1986 жылы туған ер адам уақытша қамау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 99-бабы (қасақана кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлайды Бақытжан Торғаев.
Мейрамбек Қосажан