Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры әрі «Білім» бағыты бойынша партиялық куратордың сөзінше, қазір өңірде апатты жағдайдағы мектептер жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға аталмыш мәселенің 2019 жылдың басында толыққанды шешіліп қойғандығын мәлімдеді. Есесіне бас қатырар басқа мәселе туындаған. Белгілі болғандай, қазір облыс орталығындағы мектептерде оқушыларға орын жетпеуде.
– Бұл мәселені біржақты ету үшін Өскеменде екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Оның бірі 2300 орынды қамтымақ. Бұдан бөлек, оқытушылар біліктілігін арттыру да бір бағытқа қойылып келеді. Қазір мемлекетіміз үштілді білім беруге күш салып жатқанда ұстаздар білім деңгейінің жоғары болуы тиіс. Бұл орайда өңірімізде осыған дейін 800-ден астам мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан өтті, – дейді Жасұлан Шаймарданов.
Атап айтсақ, мамандар АҚШ, Ұлыбритания сынды елдерден келіп, оқытушыларға дәріс оқыған. Жасұлан Құдайбергенұлының сөзінше, осыған дейін мұндай курстар еліміздің өзге өңірлерінде өткізілмеген.
Нұрбек АСҚАРОВ