Мектеп мәселесі өзекті тақырыптардың бірі ретінде газет бетінде көлемді мақала болып бірнеше мәрте жазылған еді. Жуырда қала әкімі Жақсылық Омар биыл есігін ашатын білім ошағына қатысты ресми мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әлбетте, облыс көлемінде тозығы жетіп, жөндеуді қажет ететін білім ордалары аз емес. Облыстық Білім басқармасындағыдар әзірге бұл туралы жоспармен бөліспеді. Дегенмен қала көлеміндегі жағдай белгілі болды. Аталған жұмыстар «Қолайлы мектеп» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан көрінеді.
– Биыл «Нұрлы жол» ықшам ауданында 600 орындық жаңа мектеп есігін ашпақ, – деді қала әкімі. – Бұл ауқымын кеңейтіп келе жатқан жаңа ықшам ауданды көркейту, инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалғасқан жұмыс. Мұны кешенді жоспардың бірі деп қабылдаған жөн.
Әкім биылдан бастап қалада «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы басталатынын мәлімдеді. Сондағы мақсаттардың бірі – білім берудегі сапа мен қолайлылық таразысын теңестіру.
– Өскеменде бұл жұмыс маңайындағы мектеп тым шалғайда орын тепкен аудандарда жалғасып таппақ, – деді Жақсылық Мұқашұлы.
Шенеуніктің сөзінше, ыңғайлы мектептер ортақ стандартқа сәйкес салынады. Барлық ұсақ-түйек кем-кетіктер ескерілуі тиіс екендігін алға тартты. Яғни, интернет жылдамдығы секундына 100 биттен төмен болмауы керек. Ыңғайлы мектептер ерекше білім беру қажеттілігіне ие оқушыларды да қамтиды деп жоспарлануда.
– 2023 жылы жобаға сәйкес 19 ықшам ауданда 600 орындық екі мектеп, Бабкина Мельница ықшам ауданында 300 орындық білім ордасының құрылысы басталады. 2024 жылы қолданысқа беру жоспарланған, – деді әкім.
Сонымен қатар, келесі жылы тағы екі мектептің іргетасы қаланады деді. Оның сөзінше, бұл спорт кешені аумағында 600 орындық, 23 ықшам ауданда 300 орындық білім ошағы бой көтермек.