Өскемен қаласында діни экстремистік материалдарды ашық таратқан ер адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицейлер Өскемен тұрғынының әлеуметтік желіде экстремистік деп танылған діни материалдарды бөліскенін анықтады.
«Сот экстремистік деп таныған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни мазмұндағы материалдарды өзінің ұялы телефонында сақтап қана қоймай, оларды танымал әлеуметтік желінің кеңістігінде ашық бөліскен. ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңбұзушылықты тіркеген соң аталған факті бойынша 35 жастағы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген ақпаратта.
Сот қаулысымен ер адам аталған құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 АЕК (369 200 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Осы ретте, полиция қызметкерлері жұртшылыққа экстремистік материалдарды сақтау және тарату әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатынын еске салды.