Өскеменде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталық ашылды

351
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жаңа орталықтың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мекемені ашудағы мақсат – денсаулығында кінәраты бар балалар мен жасөспірімдердің психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес алуы үшін кезекті азайту. Қазіргі таңда облыста дәл осындай үш мекеме жұмы істеп тұр. Өскемендегі орталықтың ашылуы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жалпы білім беретін және арнайы білім беру ұйымдарында уақтылы психологиялық-педагогикалық қолдау алуға мүмкіндік береді. Орталықтың ашылуна Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышёва мен өзге де құзырлы мекеме өкілдері қатысты.


-  Бүгін ерекше күн. Себебі, бұл орталықтың ашылуын балалар, олардың ата-аналары мен педагогтер көп күтті. Бұл бастама бүлдіршіндердің ортаға бейімделіп, дамуы үшін қажет. Барлығы да бізге, яғни педагог мамандарға байланысты болмақ. Біз неғұрлым жақсы жұмыс істесек, ата-аналармен ашық араласып, оларға көмек берсек, балалардың жақсаруына соғұрлым ықпал етеміз. Осы ұжымда істейтін мамандар өз міндеттерін мүлтіксіз атқарады деп ойлаймын. Ең бастысы – балаларымыздың бақытты болуы, - деді Иннеса Александровна.
Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесінде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда сенсорлы, диагностика және әдістемелік кабинеттер бар. Түрлі ойыншықтар, кітаптар мен құрал-жабдықтар бүлдіршіндердің дамуына барынша көмектеседі, - дейді орталық мамандары.


-  Бұл облыс бойынша төртінші мекемеміз. Біз 18 жасқа дейінгі балаларды ата-анасының өтініші бойынша қабылдап, жан-жақты тексерістен өткіземіз. Соның нәтижесінде арнайы ұсыныстар жасалады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың санатына байланысты нұсқаулықтар беріп, оларды арнайы мекемелерге жібереміз, - дейді мекеме меңгерушісі Күмісай Авлайхаан.
Оның сөзінше, мұндағы көрсетілетін қызметтің барлық түрі тегін. Егер ата-ана баласының жай сөйлейтінін, денсаулығы мен мінез-құлқында өзгешеліктің барын байқаса, медициналық жолдамасыз бірден осында келе алады.
-  Мекемемізде 10 жылдан астам тәжірибесі бар 6 педагог пен 3 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Психиатр мен невропотолог дәрігерлер баланың физиологиялық ерекшеліктеріне мән береді. Сондай-ақ дефектолог, логопед, сурдопедагог, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, тифлопедагог өз қызметтерін ұсынады, - деп атап өтті мекеме меңгерушісі.
Айта кету керек, орталықтағы мамандардың 80 %-ы өңірдегі жетекші оқу орындарының бірі – С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың түлектері.  
Қымбат МУХАМАДИЕВА