Бүгін Өскемен қаласында Еріктілер жылына орай «Біз біргеміз!» акциясы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Еріктілер жылы деп жариялаған белгілі. Осыған орай Өскемен қаласында «Біз біргеміз!» акциясы болып өтті.
- Бүгін біз Өскемен қаласының волонтерлер жылына бастау беріп отырмыз. Бұл жыл барлығымыз үшін нәтижелі, еңбекке толы жыл болады деп ойлаймын. Мұқтаж, зәру, қарт адамдарға көмектесу біздің байырғы заманнан келе жатқан құнды қасиеттеріміз. Ол қазіргі тілмен волонтерлік деп аталады, - деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Ерікті болу — жаңа орта мен жаңа табыс табу, жын жүректен қоғамға көмектесу. Ерікті болған әрбір азамат шынайы көңілмен, жылы жүрекпен өзге жандарға көмек бере біледі. Сол себепті де Еріктілер жылының басты белгісі — жүрек болып бекітілген.
Өткен Жастар жылында көптеген іс-шаралар өз шешімін тапты. Биылғы Еріктілер жылында да дәл осы қарқынмен ауқымды, жан-жақты жұмыстар атқарылмақ.
- Біздің бүгінгі таңдағы басты мақсатымыз - жүйелі жұмысқа көшу. Ол үшін арнайы жұмыс орны қажет. Сондықтан да Жастар ресурстық орталығының жанынан арнайы кабениет бөлінді. Ол жерде Өскемен қаласындағы кез келген адамды волонтерлікке қабылдып, арнайы құжат беретін боламыз. Барлық волонтерлік ұйымдар сол жерге барып тіркеледі. Әр тоқсан сайын олардың қалай жұмыс істеген тексеріліп отырады. Қандайда болсын, көмекке мұқтаж адамдар сол жерге хабарласып, сұраныс қалдыра алады, - деп қосып өтті Жақсылық Мұқашұлы.