Өскеменде ерлі-зайыптылар есірткі жарнамалаумен айналысқан

475
көрілім
Фото: ШҚО полиция департаментінен

Өскемен қаласында есірткі жарнамалаумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тәртіп сақшылары қаладағы шағын аудандардың бірінде есірткі заттарын сатумен айналысатын сайттарды жарнамалайтын парақшаларды ғимараттардың қабырғаларына жабыстырып жүрген екі адамды анықтаған.

«41 жастағы ер адам мен оның 28 жастағы жұбайын қылмыс орнынан жедел уәкілдер ұстады. Заттай дәлел ретінде есірткі жарнамаланған парақшалар тәркіленді. Күдіктілердің айтуынша, бұл парақшаларда тыйым салынған дәрі-дәрмектерді сататын интернет-дүкендер туралы ақпарат жазылғанын білмеген», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әйел адам өз сөзінде бұның жұмыс берушіден алған тапсырма екендігін, парақшаларды қала бойынша жапсыру керек болғанын түсіндірген. Еңбек жағдайымен келіскен ол, күйеуін өзімен бірге жұмыс істеуге шақырған. Алайда заң бойынша білместік жауапкершіліктен босатпайды.

«Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын жарнамалаумен айналысқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыпты төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - делінген ақпаратта.