Өскеменде әртүрлі диаспоралар Наурыз мейрамын тойлады

401
көрілім

Бүгінгі мерекені тойлауға әртүрлі ұлт өкілдері жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Достық үйінің алдына киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылды. Тұрғындарға жақсы көңіл күй сыйлау үшін ансамбльдер әр ұлттың биін билеп, көне әндерді шырқады.
Бұл тойдан балалар да қалыс қалған жоқ. Олардың назарын арнайы аниматорлар келіп баурап алды. Әртүрлі мульфильм кейіпкерлері балаларды ортаға жинап, ойын ойнатты. Арман есімді балақайдың айтуынша, аниматорлардың арасынан ең ерекшесі - Кин-конг болды. «Біз басында қорқып отырдық, кейін оның өзіне шабуыл жасадық» дейді ол.


Тойға арнайы Бозанбайдан Горкий есімді бүркітші бүркітімен бірге  келді. Жолдан шаршаңқырап келсе де көпшіліктен қорықпады. Өскемендіктер аңшы құспен суретке түсіп үлгерді. Бүркіттің жасы төртте. Есімі - Аққанат. Келесі жылы еркіндікке ұшпақ.
-    Мейрамға Бозанбайдан арнайы келдік. Құсбегілікпен айналысып келе жатқаныма 30 жыл болды. Осы кәсіп өзіме ұнайды. Аққанатты келесі жылы еркіндікке жібереміз. Себебі ол жыртқыш құс. Оларға да бостандық керек, балапан шығару керек. 5 жыл баптап өсіргендіктен бауыр басқаным бар, дегенмен табиғаттың заңына бағынуымыз қажет, - дейді бүркітші.

 


Алаңға арнайы қолөнер туындылары, әртүрлі әшекей бұйымдар сатылымға қойылып, кішігірім жәрмеңке ұйымдастырылды. Грузиндер, кәрістер, орыстар, әзірбайжандар бұл мерекені асыға күтетінін айтып, көңіл-күйлерімен бөлісті.
-    Наурыз мейрамында барлық ұлт жиналып жаңа жылды қарсы алады. Бұл қазақтың байырғы мерекесі болса да, әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын ұлы той, - деді Фахраддин есімді өскемендік.

Валентина ГЕОРГИЕВНА