Өскеменде есірткіні «асқазаны арқылы» Ресейге алып өтпек болған Қырғыз Республикасының азаматы сотталды

605
көрілім
Жиырма жастағы қырғыз азаматы героин оралған түйіншектерді толтыра жұтып, есірткіні «асқазаны арқылы» Ресейдің Новосібір қаласына алып өтпек болған. Ішіне сыймағанын жас жігіт йогурт бөтелкелеріне жасырғанымен, шекарашылар оның жолын кесті. Бородулиха ауданының құқық қорғаушылары ішіндегі есірткі затын жас жігітті рентгенге түсіру арқылы анықтапты.

Бозбала өткен жылдың желтоқсанында Бородулиха ауданында ұсталған. «Бішкек – Новосібір – Томбы» бағытындағы автобуста келе жатқан «есірткілі жолаушы» Жамбыл облысындағы бақылау пунктінен ұсталмай өтіп кеткен. Тек автобус Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында аялдаған кезде шекарашылар өңі қуқыл тартқан жолаушыдан сезіктене қалады. Тісқаққан шекарашылар әлгінің жеке заттарын «гретта» атты итімен тексерген кезінде төрт аяқты иісшіл іздеуші үре жөнеледі. Осылайша, йогурт бөтелкелерінен 18 түйіншек героин табылған.

Шекарашылар шетелдік жолаушыны Бородулиха ауданының тәртіп сақшыларына тапсырады. Олар өз кезегінде ұсталған азаматты ауруханаға апарып, рентген айнасына түсіргенде әлгінің асқазанында есірткі заттарының барын анықтапты. Уақытша қамау изоляторында жас жігіт өз-өзіне қол салмақ болғанымен, дер кезінде байқап қалған құқық қорғаушылар ауруханаға бірден жеткізіп, оны өлімнен аман алып қалған.

Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің салмақты екі бабы бойынша сотталушы он бес жарым жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болды.

Мейрамбек ҚОСАЖАН