Өскеменде әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салды

586
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының болашақ сарбаздары күзгі шақырылым аясында Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында әскер жасындағы азаматтарды іріктеп, Отан алдындағы борыштарын өтеу үшін салтанатты түрде шығарып салды.
Күзгі әскери шақырылымға аймақтан шамамен 700-ге жуық адам шақырылады деп жоспарланған. Мерзімді әскери қызметке шақырту алған барлық азаматтар шақыру талабына сәйкес, жергілікті салалық департаменттегі іріктеуден өтті.


- Мерзімді әскерге шақырту алған сарбаздардың барлығы психологиялық, кәсіби және медициналық тексерістен өтті. Күзгі шақырылым 31 жетоқсанға дейін жалғасады. Сондықтан бұл біздің облысымыздан Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанып тұрыған бірінші тобымыз. Біз жас сарбаздарға барлық түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Барлық болашақ сарбаздарға сәт-сапар және Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаруды тілейміз, - деді ШҚО Қорғаныс істері департаментінің бастығы подполковник Арман Қожамқұлов.
Сарбаздарды бір жылдық сапарға шығарып салуға жиналған туған-туыстары ел ертеңі болар ерлерге ақ баталарын берді.
- Кез келген ата-ана баласы үшін уайымдайтыны сөзсіз. Біздің жүрегімізде де уайым мен алаң бар. Бірақ әскери борышты өтеу бұл ер азаматтарымыздың міндеті. Сондықтан біздің балаларымыз өздеріне жүктелген Отан қорғау деген жауапкершілікті лайықты түрде атқара алады деп сенеміз, - деді әскерге шақырылушының анасы Шынарай Садыкова.


Қазіргі кезде мерзімді әскери шақырылым сарбаздарға көптеген мүмкіндіктердің есігін ашады. Оның ішінде жоғары оқу орындарына тегін оқуға түсу, несиелері бар сарбаздардың несие өтеуін тоқтата тұру сынды жағдайлар қарастырған.
-  Отан алдындағы борышымды өтеуге шақырту алғаныма қуаныштымын. Сарбаз болып, ел тыныштығын күзету бізді біздің азаматтық борышымыз, - деді әскерге шақырылушы Жансерік Оразов.
Айта кету керек, Отан алдындағы борышын өтейтін сарбаздар үшін «Әскерге шақырушылар күні» аясында құрмет көрсетіліп, «Ертіс Концерт» залында мерекелік концерт өтті. Жас сарбаздарға арналған мерекелік концертте қару-жарақтар көрмесі ұйымдастырылды.