Өскеменде әскери қызметкер суға батып кете жаздаған баланы құтқарды

738
көрілім

Үлбі өзеніне алты жасар бала батып кете жаздады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өзен жағасында демалып жүрген 3477 әскери бөлімінің ефрейторы Тілек Құмарбеков сол маңда  айқайлап көмек сұраған баланың дауысын естіген.
– Көмек қажет екенін ести сала ойланбастан іске кірісіп, баланы құтқаруға әрекет жасадым. Қасына жете сала, жағаға шығаруға ұмтылдым, – дейді ол.
Оқиға орнына бірден жедел жәрдем көлігі жетіп, балаға алғашқы көмек көрсеткен.
– Денсаулықтарын толықтай тексеру барысында әскери қызметкердің де, баланың да жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Әскери қызметкер Тілек Құмарбеков қазір өзін жақсы сезінеді. Болған оқиғаның келесі күнінде-ақ қызметіне кірісіп кетті. Біз баланың өмірін құтқарып қалған Тілектей батырымызды марапатқа ұсынадық, – деді ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.
Баланың анасы өз өмірін қатерге тіккен батыр азаматқа  ризашылығын білдіріп, ақ тілегін жаудырды.