Өскеменде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

350
көрілім

«Достық үйі – Қоғамдық келісім» орталығында өткен жиында халық арасындағы татулық пен бірлік мәселесі сөз етіліп, этнос өкілдерінің біртұтастығы талқыланды. Жан-жақтан арнайы меймандар келіп, алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мақсат – Өскемен жұртын Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен таныстыру. Келген делегат мүшелерінің сөзінше, ұйым құрамында ақсақалдар, аналар кеңесі де бар. Соңғы жылдары жастар үлесі артып, бірегей жобалар қолға алынуда.
– Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы тек этномәдени бірлестіктерді дамытумен ғана емес, мемлекет қойған талаптарды іске асыру кезінде де белсенді. Келер буынды тәрбиелеп, оларға бағыт-бағдар беру бізге жүктелген. Жуықта болашақтың он мамандығы деп аталатын жоба қолға алынды. Соның аясында алдағы 10-15 жылдың межесін орындау міндеті тұр. «Бейбітшілік пен келісім жолымен» деп аталатын жоба – жаңа форматта мемлекеттік тілді дамытуды көздейді, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев.


Жиын барысында халық арасындағы, этностар арасындағы татулықты сақтап қалудың түрлі әдістері ұсынылды. Алматы облысындағы Ұйғыр аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлджахан Аликееваның сөзінше, Ассамблея қазір ән айтып, би билеуді басшылыққа алмайды. Алдыға одан да маңызды тапсырмалар қойылған. Тіпті, егемендіктің алтын қазығы саналатын жастарды қолдау, демографиялық өзгерістер, адамдардың алауыздықтан алыс болулары сияқты міндеттер де жоспарға енгізілді.
– Осыған дейін бірқатар өңірге атізін салдық. Соңғы аялдама – Өскемен қаласы болды. Осындай экспедиция құрамында халық үшін қызмет етіп жүргеніме бек қуаныштымыз. Сапарымыз оңтүстік өңірден басталған еді. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Шығыс Қазақстанға табанымыз тигенде тұрғындарының жайдары мінезі ұнады. Күн суық болса да, ыстық ілтипаттарымен көңілімізді жылытты. Алматы облысында да түрлі этностар көп тұрады. Ондағы мәселелер Солтүстік Қазақстан облысындағы түйткілдерге ұқсамауы мүмкін. Десе де, шығыс пен батыс, солтүстік пен оңтүстік аймақтардың достық қылын жалғау басты міндетіміз, – деді ол.


Жоғарыда демографиялық өзгерістер деп жаздық. Гүлджахан Кәкішқызы жуықта ғана «Қазақстан халқының саны 20 млн адамға жетті» деген жаңалықты мысал етіп, республика аумағында өмірге келген әр сәбидің саналы азамат болуы үшін бүгіннен бастап нақты қадамдарға көшуді құп көрді.
Аталған форумның тағы бір ерекшелігі – мұнда блогерлер де шақырылды. Рустам Қайрыев этностар арасындағы келісімді дамыта отырып, сол бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды әлеуметтік желі арқылы көрсетуге болатынын жеткізді. Қатысушылар дені түрлі жасты қамтыды. Ақсақалдар да білгенімен бөлісіп, форумның алдағы жұмысына табыс тіледі. Оның әлеуетін ары қарай арттыру үшін ғалымдар да өз үлестерін қосуда. Гүлджахан Аликеева экспедиция құрамындағы озық ойлы жастар мен азаматтар еңбегін ерекше атап өтті.


– Бейбітшілік пен келісім – халық арасындағы ауызбіршіліктің негізі. Оны кейінгі буынға да аманат етіп жеткізуге тиіспіз. Татулық орнатуда көпшілікті ұлтқа бөлмейміз. Жастардың толерантты болуы қоғам үшін пайдалы, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің «Foundation» Ұлттық еуразиялық бөлімінің басшысы Әсел Аманова.
Делегат өкілдері Ассамблея арқалаған жүк – қоғамдық жұмыс болғандықтан өңірлер арасындағы қарым-қатынастың оң болуын орынды санады.


Ал «Ұлтаралық сауаттылық және этномедиация негіздері» бойынша медиа-жаттықтырушы Дана Ақәділқызының айтуынша, экспедиция өңірлерді аралай отырып, көп тәжірибеге ие болды. Қазақстан бойынша медиация заңы жұмыс істеп келеді.
– Жұмысын бастағанына көп болмаса да, Ассамблея құрамында 2016 жылдан бері бағытынан жаңылмады. Барлық аймақта медиация кабинеті бар, азаматтарға тегін қызмет көрсетеді. Негізі, ол екі бағытта жұмыс істейді. Айталық, қоғамдық және кәсіби медиация. Соның ішінде, кәсіби медиация дау болған кезде ақылы негізде жұмысын атқарады. Ал қоғамдық дегеніміз, ол жерде Ассамблея құрамындағы кабинеттер тұрғындар үшін тегін, – деді Дана Кенжекулова.
Асыл АЙТБАЕВ