Жараланған түз тағысын өз қамқорлығына алған автокөлік қоғамдастық мүшелері жануардың клиникада өлгенін хабарлады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Instagram әлеуметтік желісіндегі @osa_uka_vko парақшасында Бэмби есімді еліктің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады:
- Зоовита клиникасының ветеринарлары жол бойында көлік қаққан Бэмби есімді елік өліп қалды, - делінген хабарламада.
Бір күн бұрын ғана еліктің жағдайы тұрақты болып, жақсылықтан үміт болған.
- Жеміс-жидектер мен көрсетілген қаржылық көмектері үшін азаматтарға үлкен рахмет. Біз таба алмаған дәрі-дәрмекті алып көмектескен қалалық әкімдікті ерекше атап өткім келеді, - деп жазды олар топта.
Естеріңізге сала кетейік, елік бірнеше күн бойы қала көшелерінде жүгіріп жүріп, 14 желтоқсан күні Гагарин булварында оны көлік қағып кеткен болатын.