Өскеменде «Геология майталмандары» анықталды

428
көрілім

А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өткен шара кезінде болашақ ғалымдар өз зерттеулерін көрсетіп, үздік жобаларын қорғап шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ертең белгілі геолог, ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Сәтпаевтің туған күні. Биыл оның 125 жылдығы аталып өтуде.
Осыған байланысты бүгін өңір жастары өздерінің талпыныстарын жан-жақты паш етті.
«Тәжірбие – білім көзі» жоба сессиясында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Физика және технологиялар» кафедрасының студенттері таңдаулы ғылыми жобаларын ұсынды. Қазылар алқасы назарына сондай-ақ Күршім ауданы, Күршім ауылындағы № 3 мектеп-гимназиясының оқушылары мен Глубокое ауданына қарасты Бобровка ауылындағы «А.Байтұрсынов атындағы орта мектебі» КММ оқушылары өз жұмыстарын ұсынды. Әрбірі тыңғылықты дайындықпен келген.
«Нағыз қажетті өнім - шылан жемісі» деп таныстырған Аманжолов университетінің студенттері өздері қолға алған жұмыстарымен толыққанды таныстырды. Бір қарағанда, шылан кәдімгі құрмадан аумайды. Олар сол жемістен қызыл қант дайындап, Шығыс Қазақстанда оны өндіріске айналдыру керектігін алға тартты. Студенттер ешбір зиянды қоспасыз табиғи өнімнен алынған қанттың кондитерлік өндірістер мен балалардың шырынына қосатын табиғи қоспа ретінде өлкеге қажет болатындығына сенімді.


Күршімнен келген болашақ ғалымдар өздігінен ылғалдандырылатын жабдықтар арқылы жасыл желекті өсіріп көрді. Оның ішінде, пиязды отырғызып, нәтижесі көңіл көншіткен.
Кейбір жас геологтар тастармен емдеу шарасы көптеген аураларға шипа болады деген қорытынды жасады. Облыс аумағында ондай тастар көптеп кездесетіндіктен бұл зерттеуді ары қарай жетілдіруге ниетті. Барлық зерттеуді көрген қазылар алқасы болашақ ғылымдарға мадақтау қағаздарын ұсынды.


- Осы шараны ұйымдастыру арқылы жастардың ғылымға деген қызығушылығы артады деп үміттенеміз. Кім білсін, бәлкім қазіргі талантты азаматтардың арасында болашақта белгілі ғалым, Қаныш Сәтбаевтің ізбасары немесе жалғастырушысы шығып қалар, - деді Білім орталығының жетекшісі Динара Мергембаева.
Валентина ГЕОРГИЕВНА