Өскеменде хакім Абайдың 33-ші қара сөзі жазылған тақтатас опырылып тұр

445
көрілім
Өскеменнің орталық алаңында орнатылған Ұлы Абайдың қара сөздерінің опырылып тұрғанына бірнеше ай болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Орталық алаңда осыдан жеті жылдай бұрын орнатылған тақтатастың бір шеті керітіле бастады. Әрлі-берлі сабылып жүрген тұрғындар алыстан байқамағанымен зер салып қараса 33-ші қара сөздің бір бұрышының опырылып тұрғанын көреді. Қала тұрғындарының кейбірі қара сөз жазылған тақтатастың қыркүйек айынан бері опырылып тұрғанын жеткізді. 
–   Жұмысқа бару үшін күн сайын Орталық алаңмен жүріп өтемін. Қазір бір тақтатас қана емес, тағы бірнешеуі қирай бастады. Ұлы ақын ескерткішінің келбеті кете бастағанын көру кімнің де болса көңіліне қаяу салатыны рас. Осыны бір ретке келтірсе болар еді, – дейді Айдар есімді қала тұрғыны.
Бұл ғана емес. Тағы бір тақтатастың асты көлденеңінен опырыла бастаса, тағы біреуінің бұрышы сынған. Облыс әкімдігіне кіріп-шығып жүрген жауапты тұлғалар мұны неғып көрмей жүргендеріне таңымыз бар. Биыл хакім Абайдың туғанына 175 жыл толатынын ескерсек, мерейтой қарсаңында олқылықтың орны толар-толмасы әлі белгісіз...
 
Әділхан ЕСІМХАНОВ