Өскеменде халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер қолға түсті

1394
көрілім

Қазан айының 27-сі күні «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде тәртіп сақшыларынан Өскемен тұрғыны көмек сұраған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Нақты айтсақ, пәтерді аралау барысында полиция қызметкерлері полиция аға лейтенанты Еркебұлан Ордабаев пен полиция аға лейтенанты Айбек Сиязбековке облыс орталығының 50 жастағы тұрғыны жүгінген. Белгілі болғандай, оның танысы үйінде ащы су ұрттап, ішімдіктің буымен оған дене жарақатын салып, оқиға орнынан кетіп қалған.

- Аталған факті бойынша тәртіп сақшылары дереу тексеру жүргізіп, нәтижесінде аталған ер адамның 2021 жылдың маусым айынан бастап есірткіні заңсыз сақтап, тасымалдағаны үшін халықаралық іздеуде болғаны анықталды, - деп атап өтті Өскемен қаласының полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Орал Рыспаев.

Қабылданған шаралар барысында аталған қылмыскер ұсталып, ол 1981 жылы туған азамат болып шықты. Қазіргі уақытта оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның санкциясы 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.