Өскеменде халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай форум өтті

367
көрілім

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ұйымдастырылған шарада жемқорлық тәуекелдерін жою мәселесі талқыланып, соңында осы салада еңбектенген бірқатар маман мен қызметкер марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен өңір басшысы Ермек Көшербаев сөз алып, Сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл Агенттігі ШҚО бойынша Департаментімен тізе қосып, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, жемқорлықтың жолын бөгеуде қызыл сөз емес, нақты әрекет маңызды. Бұл ретте Департаментпен бірлесе, облыс әкімдігінен бастап, әдеп жөніндегі кеңес, қоғам белсенділері, Кәсіпкерлер палатасы, волонтерлер жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

- Кез келген қылмыстың өтеуі - жаза. Осы ретте әр жылы түрлі жоспар әзірленеді. Сыбайластық тәуекелдерін анықтау үшін карта әзірленді. Біртіндеп аудандарға да жол тартады. Оған қоса, алдағы уақытта тағы екі аудан құрылмақ, - деді Ермек Беделбайұлы.

Шараға қатысушылардың сөзінше, жемқорлыққа қарсы күрес кезінде ешбір адам бейжай қалмауы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Агенттігі ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Денис Шакенов ауқымды жиындарда әр бағытта қызмет етіп жүрген жандармен тәжірибе алмасу маңызды екенін жеткізді. Антикор қоғамдық тәртіпті реттеуге бағытталған ұйым.

- 2003 жылы Мексикада қабылданған арнайы конвенциядан соң көп ел сыбайластық ұғымына терең үңіліп, нақты жоспар бекіте бастады. Айта кету керек, республикада жемқорлық фактісін хабарлаған адамға берілетін сыйақы мөлшері 4000 АЕК-ке дейін артты. Егер қандай да бір мекеменің қызметкері жемқорлық фактісімен ұсталса, онда басшысы өз еркімен қызметінен кетуі тиіс, - деді Департамент басшысы.

Жауапты тұлғалардың ойынша, ұрлық - қоғамды құртатын кесел.

- Жол салу болсын, медицина саласы болсын, жұмысқа жауапкершілікпен қарау әр мердігердің міндеті. Басқа да салаларды мысал етуге болады. Бөлінген қаржы орнымен жұмсалса, көп дүние біртұтас болып шығар еді, - деді қатысушылардың бірі.

Шара соңында марапаттау рәсімін Ермек Көшербаев пен Денис Шакенов жүргізді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ