Өскеменде Халықаралық зағиптар күнін атап өтті

435
көрілім

Шара «Мен әлемді жан дүниеммен көремін» ұранымен өтіп, бірқатар әндер, романстар орындалып, қонақтар назарына театрландырылған көріністер ұсынылды.

Жалпы, Халықаралық зағиптар күні қарашаның 13-і күні аталып өтеді. Дәл осы күннің таңдалуы да тегін емес. Осы күні, яғни 1745 жылы тарихта көру қабілеті төмен жандарға арналған тұңғыш мектеп ашып, Брайль шрифті пайда болғанға дейінгі оқыту әдісін ойлап тапқан Валентин Гаюи өмірге келген.

Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының шешімімен оның туған күні Халықаралық зағиптар күні ретінде бекітілді. Облыс орталығының тұрғындары осындай адамдар туралы оң көзқарас қалыптастыру үшін Шығыс Қазақстан облыстық зағип және көру қабілеті төмен жандарға арналған кітапханада «Мен әлемді жан дүниеммен көремін» атты мереке өтті.

– Баршамыз маңызды күн қарсаңында бас қосып отырмыз. Көру қабілеті төмен жандарды көптеп тарту мақсатында осы мерекені жылда атап өтуді жөн көрдік, – дейді «Қазақстан зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі ШҚО бойынша филилалының басшысы Жамиль Шаймардинов. – Қарттарымыздың зейнетақысы өсіп, жәрдемақылар сақталып, әр күндері қуаныш пен шаттыққа толы болсын демекпін. Сіздерге бақыт және мерекелік көңіл-күй тілеймін.

Ерекше оқитын жандарды құттықтауға «Зарянка» әдеби-музыкалық клубының қатысушылары да келген екен. Олар кітапханадағы меймандарға әсем әндер мен романстарды нақышына келтіре орындап, өздері шығарған өлең шумақтарын оқыды.

– Бізге ақындар, мың бұралған бишілер, әншілер дейсіздер ме, әртүрлі шығармашылықтың адамдары келеді. Мәжіліс залында әзірліктерін пысықтап, мерекелерге қызу дайындық жүргізеді, – дейді клуб басшысы Татьяна Цветова. – Біздің қоғамға қосылғысы келген кез келген жанды құшақ жая қарсы алуға дайынбыз. Ал бүгін осы мерекеге келген меймандарға достықтың, жан жылулығының лебін сездірмекпіз.

Сонымен қатар мереке барысында Асем Мергембаева кітапхана оқырмандарына, мүмкіндігі шектеулі жандарды смартфон қолдануға үйрететіндіктерін жеткізді. Заманауи қосымшалардың арқасында бұл жандар қала ішінде өз беттерімен қатынай алады.

Бұдан бөлек, кітапханада шахмат және үстел теннисімен айналысуға мүмкіндік беретін тифлокабинет ашылды. Оқырмандар Брайль жүйесімен оқып, жазуды меңгереді. Ал шартарапқа шолу жасағылары келсе «Мен жүрегіммен көремін» атты көрме кезінде ұсынылған кітаптарды қолдануға болады.