Жедел жәрдем көлігі асығып келеді, зымырап келеді. Сағат кешкі бестер шамасы. Асығып келетіні, жағдайы мүшкіл бикештің жанына араша болу, зымырап келетіні оқиға орнына дереу жетіп, ажал тұңғиығына тартып бара жатқан зұлматтың бетін қайтару. Алайда қанша жерден алып-ұшқандарымен сәл кешігіп қалғандай. Ақмарал Нұрбекова ес-түссіз сұлық жатыр. Мойнында әлдененің ізі қалыпты… бәлкім жіп, не белбеу, болмаса біреу қос қолдап қылқындырған. Басына қан ұйып, тамырлары ісіп кетіпті. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде қалған қыздың әкесі бәріне себепші – жедел жәрдемді дер кезінде шақыра алмадық деп ағынан жарылды. Алайда мәселе төркіні тым тереңды болып шықты.
Кінәлі жазадан жалтарып кеткен
Бұл мақалада үш адамның қилы тағдыры мен оларды біртұтас еткен ортақ мәселе сөз етіледі. Кейіпкерлеріміз Ұлан ауданының Алғабас ауылынан. Ешкімге есесін жібермей, ауылдастарына кіріптарлық танытпай, жұрт қатарлы ғұмыр кешіп жатқан отбасы. Дегенмен таңғы сағат 10:00 кезінде Ақмарал Нұрбекқызы мен жолдасының арасындағы ұрыс-керістің соңы қол жұмсауға дейін барған. Қазірде төсекке таңылып, өздігінен жүре алмайтын қыздың иек артар әкесі Нұрбек Айтбайұлының сөзінше, ашуға ерік берген күйеубаласын дүлей күш тоқтам торына шырмай алмай, қызын қылқындыра жөнелген. Нәтижесін осы жолы көрдік. Аяққа тұрып кету мүмкіндігі аздау. Ал сол сәтте өмірлік серігіне қол көтеріп, кеңірдектен ала түскен жұбайына қатысты құзырлы органдар қандай шешім шығарды?
– Арнайы органдарға екі мәрте арыз түсірдік. Алайда неге екені белгісіз, ондағылар істі «отбасылық жанжал» деп жабулы күйінде қалдырды. Куәгер жоқ деп те сылтауға басты. Ақыры кінәсіз қалып, жазадан жалтарудың сәті түсті, – деді Нұрбек Жакупов бірнеше жыл бұрынғы оқиғаны сабақтап.
Ақмарал мүшкіл халге ұшырамай, он екі мүшесі сау кезінде қала көлемінде саудасын қыздырып, аспаз болып та жұмыс істеген. Ал арқасүйер азаматы жұмыстан келгенде қалтасына үңіліп, тапқан табысын санаумен жүрген. Иә бұл ерлі-зайыптылардың өзара есебі. Отағасының бір ойлағаны болған шығар. Дегенмен айдың-күннің аманында ащы суға тойып алып, жар етіп алған жанға бар әлеуетін көрсетіп, жаналқымнан алғаны жанұяның шаңырағын қайта көтерілместей етіп ортасына түсірген. Ауруханада үш-төрт күн бойы есінен танып жатқан қызын көргенде көкірегін уайым кернеген анасы Әлия Оқасқызының көп ұзамай қол-аяғы тартылып, өзі біреуге кіріптар болып қалды. Қызының бойынан ас өтпей, дәрігерлердің, келімді-кетімді жандардың түтікшемен сұйық тамақ ішкізгені жанына батқаны соншалық, байғұс ана орнынан тұра бергенде көзі қарауытып, еденге кескен теректей құлап түсіпті. Жолдасының сөзінше, Әлия Жакуповаға оған дейін де ота жасалған. Дегенмен жығылғанға жұдырық болған мына бір жайт оның мүгедек болып қалуына себепші болған.
Дәрігерлер қойған диагноз
Әлия бүгінде өздігінен жүріп, тіл қатудан қалған. Бір аяқ, бір қолы мүлде жансызданған десе де болады. Дәрігерлер жеңіл дәрежелі аорталық ақау, өкпе гипертензиясы, ілеспе ауру ретінде эпилепсия диагнозын қойған. Осының бәрін көріп, ағысы бірде қатты, бірде баяу дөңгеленген дүние Нұрбек Айтбайұлын уақыт өткен сайын бір тарының қауызына сыйдыра түскен. Содан бері көңілі бір сәт те дәйек таппай келеді. Неге? Бұл сұраққа бір ғана жауап беру қисынсыз. Бас қатырған басты мәселе – баспананың жоқтығы. Алғабас ауылынан 2001 жылы Өскеменге атбасын бұрғалы бері пәтерден пәтерге көшіп, тағдыр берген кеселді арқалап, жағасы жайлау, төбесі қыстау күнді арман етіп келеді. Жағдай ушығып, нәпақа табуға мүмкіндік бар кезде бес-алты жылдай теміржолда тер төгіп, адал нанын тауып келді. Әйтсе де I-топтағы мүмкіндігі шектеулі екі нәзік жандыға бас-көз болар ешкім болмаған соң жұмысынан шығып, қазір қызы мен жұбайын тозығы жеткен пәтерде бағып отыр. Атұстар ұлы бар, өзі жеке шаңырақ құрған. Тауқымет тартып отырған әкесіне көз қырын салайын десе отбасы қамымен жүріп, келе берудің сәті түспейтін көрінеді. Нұрбек Жакупов теміржолда жұмыс істеп жүргенде қос мұңлыққа келіні қарайласып, кейін өздері жеке пәтерге шыққан. Осылайша ұландық отбасы қаладан шеткерірек ауданда жер үйді жалдап тұрып келеді. Алып-ұшып жетіп, көмек қолын созар туысқандары да жоқтың қасы, көрші-қолаңға ұдайы өтініш айта беруді де орынсыз санайды жерлесіміз. Дауылы мен толқыны шыдас бермейтін мұхитта қалған қайықтай, ешкімнің жәрдемінсіз екі бірдей мүгедек жанға қарайласып отырған азамат әлі де рухын төмендетпей келеді. Жұмыссыз жүргеніне төрт жылдан асып жығылды. Сол уақыттан бері отбасының күнделікті ас-суын өзі әзірлеп, пәтер тазалығын назардан шығармайды. Моншасын жағып, кір-қоңын жуып, шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Өздігінен қозғалуы мұң жандарды қоғамнан шет қалдырмай, жұрт қатарлы тірлік кешуге ұмтылған кейіпкеріміздің қазіргі тілегі біреу ғана, ол – жеке өз баспанасының болуы.
Қызы Ақмарал мен жұбайы Әлия Жакупова
Жәрдемақысыз жағдайлары мүшкіл
Жайдары жазда бәлендей білінбес, дегенмен алай-түлей бораны мен бет қаратпас аязы қатар жүретін Шығыстың қысы қыса түскенде, жанын шүберекке түйіп, шыдас беру мүмкін болмай кетеді. Отын-көмірді ешқашан да жеткілікті мөлшерде алып көрген емес. Мемлекет тарапынан жұбайы мен қызының мүгедектігіне берілетін жәрдемақының мөлшері 120 мың теңге шамасында. Оның ішінде, Әлия Оқасқызына – 60, Ақмаралға 57 мың теңге беріліп келеді. Бір қарағанда аз ақша емес сияқты. Алайда тұрып жатқан пәтерге ай сайын 45 мыңдай төлеп, 10-15 мың теңгеге қос науқастың дәрі-дәрмегін алса, күнделікті азық-түлік, қара күзде отын-көмір сатып алу қажеттілігі тағы бар.
– Жәрдемақы болмаса күн көрудің өзі мұң. Баспанаға қол жеткізсек, халіміз бұлай мүшкіл болмас еді. Әлия тұрғын үй кезегіне 2016-шы жылы тұрған. Содан бері жылжитын түрі жоқ. Сұрастырып көріп едім, мың пәленбайыншы кезекте екенбіз әлі. Бұларға қазіргі пәтердегідей емес, жуынатын бөлмесі мен әжетханасы ішінде орналасқан баспананың болғаны қажет. Отын-көмірмен жылытып отырған үйде суық тиіп, қазіргі жағдайларына тағы бір ауру жабыстырып алулары мүмкін, – деді шақшадай басы шарадай болып қам жеген қайсар жан.
Нұрбек Айтбайұлына қайсар деген тіркесті қосу әсте әбестік емес. Бір есептен айналаға алақан жайып, шарасыздық танытуды ар санап, қолы жетпей жүрген баспананы заң жүзінде талап етіп келеді. Өзгелерге қарағанда осы отбасының жағдайы біршама шатқаяқтап тұр. Жерлесіміздің сөзінше, биыл қыркүйек айында жағдайын айтып, қала әкімдігіне барғанында өтініш қабылдаған маман: «Аға, қазір індет асықынып тұр. Ары қарай өтуге болмайды. Нөміріңізді қалдырып кетіңіз, өзіміз хабарласамыз» деп жаттанды жауабын ұсынған. Қала әкімдігіне сұраухат жіберіп көрдік. Шаһар басшысының орынбасары Арман Искаковтың сөзінше, қалалық мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67, 68 және 74-баптарына сәйкес баспана берілуі тиіс санаттарды ұсынды. Кестеге зер салайық:
№ |
Кімдер ала алады? |
1 |
Коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж жандар |
2 |
Есепте тұрғандар |
3 |
Осы елде мекенде тұратындар |
4 |
ҰОС мүгедектері мен қатысушылары |
5 |
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар |
6 |
Тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын жандар |
7 |
Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататындар |
8 |
Мемлекеттік қызметшілер |
9 |
Бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне және әскери қызметшілер |
10 |
Баспанасы заңнамада белгіленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған ҚР азаматтары |
Баспана қашан бұйырады?
Осы тақылеттес тағы мысал ұсынды әкімдіктегілер. Алайда ол құжатқа мүгедек жандарға баспана беру жайлы мүлде көрсетілмеген. Сонда мүмкіндігі шектеулі жандарға баспана қалай беріледі? Тұрғын үй кезегі өгізаяңмен жылжитын болса, тағдыр талайы тапалаған тұрғындар қалай күнелтпек? Сұраухат жауабында мүгедектік бойынша баспана беру жайлы мүлде жазылмаған. Мұңлықтар жемес астан үміт етіп жүрген жоқ па дегенде зәре жоқ.
– Сервистік бағдарламалық өнімнің мәліметтеріне сәйкес Нұрбек Жакупов Өскемен қаласы әкімдігінің жанындағы кезек тізімінде тіркелген жоқ. Әлия Жакупова мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне 2016 жылдың 11 мамырынан бастап «I-II топ мүгедегі» санаты бойынша тіркелген. Қазіргі уақытта кезегі – №1636-шы, – деді Арман Искаков.
Әлия Оқасқызына дәрігерлер жазып берген қорытындыны ұсындық, қызы Ақмаралда ауыр дәрежедегі гипоксиялы энцефалопатия, бас ми ісігі. Өкініштісі сол, анасы амалын тауып, бөлме ішінде қозғала алса, қызы отырған жеріне қаққан қазықтай орныққан. Төңіректе не болып жатқанын да біліп болар емес, балалық шақтың ауласынан әлі шыға алмай жүргендей кейіпте. Әлия Жакупова барлығын естіп отырды. Ойын білдірейін десе тілі байлаулы, мүмкіндігі шектеулі. Кей сәттерде езу тартып, жанарынан бір мейірімнің лебі байқалады.
Осы жерден туындайтын тағы бір сауал: «Екі бірдей I-топтағы мүгедек жанды бағып отырғаны үшін Нұрбек Жакуповқа неліктен жәрдемақы төленбейді?» деген мәселе. Бұл бойынша облыс орталығындағы тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып, бұйымтайын жеткізген. Алған жауабы: «Ол туралы заңнамада көрсетілмеген. Егер сіз тумысынан мүгедек қызды бағып келсеңіз онда жәрдемақы алуға мүмкіндігіңіз болар еді». Анығы сол, мамандар кейіпкеріміздің өтінішін астанаға жіберіп, Жаңа жылға дейін, не келер жылы бір шешімін айтпақ.
***
Өңі қуқыл тартып, жанарынан келер күннің жарқын боларынан күдерін үзбеген ұландық азаматтың қала әкімдігіне бас сұғып, жағдайын түсіндіре алмай жүргендігі өкінішті-ақ. Бір тұрғынның бұйымтайын тыңдай алмаған шенеуніктерге сын болар бұл. Көңілдің қоңырау үніне құлақ түрер жауапты тұлғалардың төбе көрсетпей жүргені жанды жабырқатпай қоймайды. Қабылдау бөліміндегілер Нұрбек Жакуповтың телефон нөмірін жазып алғандарымен жаттанды жауаптарынан жаңылмауға бекінгендей. Бәлкім, тауқымет тартып келе жатқан жанның өтінішіне ондағылар бір уақ құлақ асса баспана кезегі тезірек жылжыр ма еді?
Әділхан ЕСІМХАНОВ