Өскеменде I топтағы мүгедек қыз көптің көмегіне мұқтаж

1919
көрілім

Терезеден сыртқа көз тастап, ойға шомып кетіппін. Көз алдымда түрлі адамдар, санқилы тағдырлар кино лентасындай сырғып өтіп жатыр. Рас-ау, адам өмірі недеген қызық, недеген күрделі десеңізші. Тіпті қабырғаңды қайыстырардай ауыр сынақтарды бастан кешіп жатқандар бар. Біреулер бақытқа балқып, байлыққа шалқып, бар дүниені ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындай күн кешуде. Ал енді біреулер тағдырдың ауыр сынағына түсіп, 12 мүшенің саулығын бір Алладан ғана тілеп, «Жарлы болса да сау адамдарша өмір сүрсем, бұдан асқан байлық бар ма» деп арманын алыстан іздеп келеді. Бірақ пенде бәріне де көнеді екен. Жуықта ғана ауыр сырқаттың құрығына ілінген Зайсан ауданы Жарсу ауылының тумасы Айтолқын Болаттың жағдайын біліп қайтқан едік. Өкінішке қарай, ауру меңдеген Айтолқынның халі біз ойлағаннан да ауыр болып шықты. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған ол әжесімен бірге күн кешуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Әже қамқорлығы

Айтолқынның арбаға таңылғанына биыл 5 жыл. Бүгінде ол Өскемен қаласында студенттерге арналған жатақханада қарт әжесімен бірге тұрып жатыр.

– Балам жастайынан әкесіз өсті. Әкесі із-түссіз кеткеніне талай жыл болса да, әлі күнге үміт үзбей іздеумен келеміз. Анасы баланы бағып-қағуға дәрменсіз болғандықтан бізге аманаттап, өзі басқа адаммен отбасын құрып кетті. Сосын баланы өз атымызға жаздырып, қамқорлығымызға алдық. Ата-ана махаббатынан еншісіз қалудың қаншалықты қиын екенін Айтолқыннан артық кім түсінер дейсің? «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демей ме, байғұс баланың жаны ауырып кетті. Бір жағы ата-анасын сағынып сарылса, ал екінші жағынан белінен төмен сал болып саруайымға түсуі болды, - дейді әжесі Лайкен Солтабаева.

«Әке-асқар тау, ана-мөлдір бұлақ, бала-жасыл құрақ» деген еді халқымыз. Асқар тауынан адасып, мөлдір бұлағынан сусырап қалған бейкүнә қыздың жүзінде мұң тұнып тұр.

– Ол жарық дүние есігін аман-есен ашты. Өзге балалардай тілі ерте шығып, аяғын да жылдам басып жүгіріп кетті. Кейіннен қалаға қоныс аудардық. Баланы №44 мектепке беріп, соңынан №45 білім ордасында оқыттық. Мектеп қабырғасында жақсы үлгерімімен атасы екеуімізді қуантып жүрді. Десе де жаратқан біздің бұл бақытымызды көп көрді ме кім білсін, қуанышымыз ұзаққа созылмады, – деп Лайкен әже терең күрсінді.

Белгісіз дерт дендесе...

– Барлығы аяқ астынан болды. Немерем бұған дейін ауырған жоқ. Уақыт өте келе оның бойы бірден тез өсіп, салмағы мүлдем төмендеп кетті. Тіпті сүйекке ет ілесе алмай қалды. Шарасыздықтан облыстық Ана мен бала орталығына апарып тексерттік. Барлығы таза болып шықты. Олар қандай диагноз қоярларын білмей дал болғандарын қайтерсіз... - дейді әжей.

Белгісіз сырқаттың сырына бойлай алмаған өскемендік дәрігерлер Айтолқынды Алматы облысындағы медицина орталығына жіберді. Олар да тексеріп еш кінәрәт таба алмапты. Бірақ Лайкен әжей ондағы дәрігерлер жасы 13-ке де толмаған балаға «Октагам» препараты бар система қойғанына көңілі күпті.

– Алматыдағы Ана мен бала орталығында 12 күн болдық. Денсаулығына байланысты сараптамалық нәтижелері таза болып шықты. Тек қана баланың салмағы кеми берді. Ол кезде Айтолқын өз күшімен жүре алатын. Сөйтіп олар немереме «Октагам» препараты қосылған система қойды. Бірақ негізінен ондайды балаға беруге болмайтындығын бертін келе білдік. Ол тек ауыр ота жасаған адамның етін қатайту үшін ғана беріледі екен. 2013 жылы қызым 13-ке де толмаған болатын. Кейіннен Өскеменге қайта оралып Ана мен бала орталығына қаралдық. Балаға 110 000 теңге мөлшеріндегі квота бөлініп ем қабылдадық. Сөйтіп қызым тамыз айының соңында ауруханадан шығып, қыркүйек айында №45 мектепке сабаққа барды. Сол системаны қабылдағалы ешқандай оң нәтиже көргеміз жоқ. Керісінше, баланың жағдайы күн сайын нашарлап, қуарып жүдеп кетті. Жүріп-тұруы да қиындай бастады. Күнде қолтығынан демеп сабаққа апарып жүрдім. Бір күні мектепте баспалдақпен жоғары көтеріле бере басы айналып құлап қалды. Осыдан кейін-ақ қызымның жағдайы оңалмады, - деді Лайкен әжей көзіне жас алып.

Осыдан кейін-ақ Айтолқынның басы айналып, талып қалатын кездері жиілей түсіпті. Ұрқында мұндай сырқаттың болмағанын айтқан әжей кінәні дәрігерлердің дұрыс ем-дом жасамағандығынан көріп отыр. Бала осылай бір тоқсан бойы ақырындап мектепке барып жүріп, 9 сыныптың екінші тоқсанынан бастап үйде сабақ алуына тура келіпті.

– Дәрігерлер 2014 жылы комиссия мүшелері шешімімен балама белгісіз бір диагноз қойып, 3 топтағы мүгедек санатына жатқызды. 2015-2017 жылдары мектеп бітіргенше қайтадан 2 топтағы санатқа ауыстырды. 2018 жылы бірінші топ мүгедектігіне шығарды. Осылайша Айтолқын жоғары оқу орнына түсе алмады. Себебі ол өздігінен жүріп-тұра алмайтын халге жетті. Жанын жегідей жеген дерттен сауығу үшін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады, – дейді Лайкен Солтабаева.

Бәрінен бұрын бізді қайран қалдырғаны, Айтолқынның қайсарлығы болды. Бір жағынан жанына аяздай батқан сырқатпен алысса, екіншіден оқуға деген ынтасы бәрінен де биік тұрды. 2019 жылы ол өз арманына қол жеткізіп, жоғары балмен университетке түсіп, студент атанды. Бүгінде ол С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті мамандығы бойынша ақылы бөлімде білім алуда. Баланың сабағына, ем қабылдауына ыңғайлы болу үшін әжесі мен немересі қалада жалдамалы пәтерде тұрып келген. Айта кетейік, Айтолқын мен әжесі 2015 жылы қаланың шетінен екі бөлмелі саяжай сатып алған. Бірақ бұл баспана қыста суық болғанымен қатар көлік қатынасына тиімсіз болыпты. «Қызымның дәрі-дәрмегінің өзіне қыруар ақша жұмсалды. Тіпті несие алып, қарызданып, қиналып кеттік. Бір жағы жылдық оқу ақысы мен пәтер ақысы, сонымен қоса қазіргі дәрі-дәрмегіне жұмсалған қаражат та бізге оңайға соқпады. Тым болмағанда басымызда баспанамыз болса қиыншылығымыз жеңілдер еді» деп әжей терең күрсінді. Бүгінде Айтолқынның бары да, нары да – әжесі.

– Бір күні Бубновскийдің оңалту орталығы туралы естіп білдік. Дереу сонда бардық. Әр емделу басқышы-12 күн. Ол 65 мың теңгені қажет етеді. Ондай қаражатты қалтамыз көтермегендіктен 300 мың теңге несие алып, ем қабылдадық, - дейді Лайкен апай.

Күтпеген көмек

Бір тарының қауызына сыйған әжесі мен немересінің жағдайы жұрттың назарынан тыс қалмады. Жұмыла көтерген жүктің жеңілдігін ана мен бала бұл жолы шынайы сезінді. Себебі басына ауыр сынақ түсіп, белгісіз дертпен арпалысқан сәтінде мейірімді жандардың жанынан табылғанына Айтолқын дән риза. Енді жас қыздың өмірге деген махаббаты мен сенімі тіптен еселене түскен.

– Қазір осы жатақханада тұрып жатырмыз. Университет ректоры Мұхтар Төлегенұлына алғысым шексіз. Менің жағдайымды естіп көмегін аямауда. Жатақханадан әжем екеумізге тегін орын берді. Ай сайын келіп жағдайымды біліп тұрады. Сонымен қоса жылдық оқу ақыма да жеңілдік жасады. 370 мың теңгенің 320 мыңын төлеймін. Бұл мен үшін үлкен көмек. Себебі менің оңалту орталығы мен сабағыма барып-келуіме күн сайын такси жалдаймыз. Дәрі-дәрмекті әркез алып отырған мен үшін әрине қиын, - дейді Айтолқын Болат.

Әңгіме барысында Айтолқын Динара, Әсел, Айсұлу, Анель есімді бойжеткендерді аузынан тастамай айтып отырды. Қытымыр қыстың аязында қамқорсыз қалған қос тағдырға қолұшын берген университет басшылығының бұл әрекеті көпке үлгі. Айта кетейік, Мұхтар Төлегенұлы Айтолқынның жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін жатақхана баспалдағына пандус орнатыпты.

– Университет алдындағы орындықта отыр едім, бір әжей бойжеткен қызды арбамен әкеліп менің жаныма отырғызды да өзі ішке кіріп кетті. Оның есімі Айтолқын екенін сол сәтте білдім, - дейді ШҚМУ дың 3 курс студенті Динара Үмітжанова.

– Сәлем, мен Динара. Осында оқимын. Сен де осында оқисың ба?

– Иә осында бірінші курста оқимын. Есімім – Айтолқын...

– Ол осылай басына түскен қиындықты жіпке тізгендей етіп айтып берді. Сол сәтте мен Айтолқынға әлеуметтік желі арқылы көмек сұрау жайлы айтып едім, келісті. Ертеңінде төртеуіміз бұл істі бірден бастап кеттік. Ең алдымен инстаграм парақшасына Айтолқынның бүгінгі жағдайын жаздық. Желі белсенділері бірден үн қосты. Бір тәулік ішінде бір миллион теңгеден астам қаржы оның жеке карточкасына түсті. Қуанышымызда шек болмады, әрине. Бұлай болады деп мүлдем ойламадық. Тіпті «Қазцинк» компаниясынан инстаграм желісі арқылы бізге хабарласып, алдағы уақытта материалдық көмек көрсететіндіктерін айтты. Біз бұл шараны әлі де жалғастырамыз. Себебі Айтолқын көмекке әлі де мұқтаж, - деді Динара.

Кездейсоқ кездесулер үлкен қуанышпен жалғасын тауып жатқанына біз де қуандық. Әсіресе жас та болса бас болған өрімдей төрт студент қыздың батыл әрекеттері Айтолқынды қиындық құрсауынан біржола алып шыққандай. Осы орайда оның көңіліне шуақ орнатқан арулардың есімдерін атай кеткенді жөн көрдік. Себебі қамқор жандар Айтолқын аяғынан тұрғанға дейін қолұшын беруге дайын. Көмек көрсеткен Динара Үмітжанова мен Әсел Чакпантаева Өскемен қаласында туып-өссе, Айсұлу Ермекова мен Анель Ельтринова Катонқарағай ауданының тумалары. Айта кетейік, Айтолқынға көмек қолын созған жатақхана студенттері де аз емес. Тіпті олар бірге сабақ қарап, оңалту орталығында жасалатын массажы қайталауға көмектеседі. Қиын -қыстау кезеңде көмекке келіп жанға жылулық ұялата білген осынау бойжеткендер әжесі мен немересінің өміріндегі ең қамқор жандар болып қалмақ.

– Қазіргі уақытта оңалту орталығында ем алудамыз. Мұнда оған әртүрлі жаттығулар мен массаж жасайды. Қазірде емнің нәтижесі байқалып келеді. Бұрынғыдай емес, денесі әлденіп, сүйеніп тұруға шамасы келе бастады. Массаж жасағаны үшін минутына 1000 теңгеден төлеп, күніне 15-20 минуттай ем аламыз. Бір курсы – 12 күн. Айтолқынды аяққа тұрғызу үшін 6 миллион теңгедей ақша керек. Әзірге қамқоршы жандардан жиналған қаржыға емделудеміз. Бір қуантарлығы, бұл сырқат туа пайда болмағандығы анықталды, - дейді Лайкен әжей немересінің жағдайының оңалып келе жатқанына қуанып.

Баспана таяуда берілмейді

Әжейдің айтуынша, қалалық әкімдікке хат жазып бірнеше рет көмек сұрапты. Өкінішке қарай, олар әкімдіктің қайтарған жауабына көңілдері толмапты.

Осы орайда біз де қалалық әкімдікке баспана мәселесі бойынша хат жолдаған едік. Бірақ үйсіз күй кешкен Айтолқын мен әжесіне әкімдік еш көмек көрсете алмайтындықтарын жеткізді.

– Айтолқын Болатқызы баспана кезегіне 2016 жылдың 8 ақпанында 2-ші топтағы мүгедек ретінде тіркелген. Қазіргі уақытта баспана кезегінде 1896 шы болып тұр, - деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Тамара Рахимжанова.

Айтолқын жаны мен тәні қатар қиналған дерттен айығып кететініне кәміл сенімді. Тағдырдың қаталдығына қасқая төзген қайсар қыздың ендігі бар үміті туған ел-жұртында, жүрегі кең, жаны жомарт жандарда.

Таунар ҚАЙРАТ