20-21 қараша күндері облыс орталығында Тілдерді дамыту басқармасы аудан, қалалардағы мемлекеттік органдардағы аудармашыларының басын қосып, ілеспе аударманың теориялық және практикалық мәселелеріне арналған шеберлік сабақтарын өткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді және аударма жасайтын мамандардың біліктілігін арттыруды мақсат еткен шара екі күнге созылып, 19 мемлекеттік қызметші арнайы сертификатқа ие болды. Шеберлік сабақтарын жүргізуге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ҰУ PhD диссертацияларды қорғау кеңесінің мүшесі, ілеспе аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова шақырылды.
— Аталмыш сертификат аудармашыларға бір күнде ілеспе аударма жасауға құқық бермегенімен, аталмыш салаға бейім қызметкерлерді саралауға жол ашты, — дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина. — Ұйымдастырылған шара бүгінде қағаз бастылықтан арыла алмай жазба аударма аясында қалып отырған аудармашыларды ілеспе аударманың қыр-сырына біраз болса да бойлатты.