Өткен жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бастамасымен елімізде алғаш рет «Имам такси» жобасы іске қосылған болатын. Тарауих намазынан шыққан мұсылман қауымның жүгін жеңілдететін бұл жоба биылғы жылы да өз жалғасын тауып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Қазіргі таңда облыстық «Халифа Алтай» мешіті бастаған Өскемен қаласындағы мешіттердің имам-молдаларымен ұстаздарынан және ерікті жамағаттан құралған 60-қа тарта көлік тұрғындарды тегін тасымалдап жүр. Олардың қатарында 2-3 жеңіл автобустар да бар. Бастама халықтың көңілінен шығып отыр, – дейді ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Мұқатай.
Қала тұрғындары болса «Имам таксиді» жылда Рамазан айында асыға күтетіндерін айтуда.
– Имамдар тұрғындарды тасымалдау барысында жол үстінде түйткілді сауалдарымызға жауап беріп, емен-жарқын пікірлеседі. Осындай ізгілік қазіргі қоғамға ауадай қажет, – дейді мешіт жамағаты.