Өскеменде ішімдікке масайған ер адам полиция қызметкерін пышақтап тастамақ болған

359
көрілім
Фотосурет - kaztag.kz сайтынан

Ішімдікке сылқия тойып алған ер адам өзін үйіне жеткізіп тастамақ болған құқық қорғау органының қызметкерлеріне қырғидай тиген. Есірік судан есі кеткен еркек қалтасынан пышақ алып шығып, полицейлердің біріне соққы жасайды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Михаил Хамитов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) үйде төрт қабырғаға қамалып, бос отыратын жігіт емес. Көшеге шығып серуендегенді, достарымен көңіл көтергенді ұнатады. Қақаған қаңтардың ызғары кетіп, ақпан айы келгенде Михаил түскі уақытта дәмханаға барып, екі бойжеткенмен танысады. Бірнеше сағаттан кейін қыздар қоштасып, кетіп қалған. Үйге қайтқысы келмеген ер адам жақын маңдағы сыраханаға жайғасады. Ащы судан ұрттап алған өскемендік сол жерден сағат 16.00-дер шамасында шыққан. Масайыңқыраған Михаил ауладағы орындықтардың біріне отырады. Дәл осы мезетте ол полиция қызметкерлерінің көзіне түскен. Сержант Нұрым Үкібаев пен кіші сержант Асхат Бейсекенов тонауға қарсы профилактикалық іс-шара жүргізіліп жатқандығына орай өздеріне қарасты аумақтарды аралап жүрген болатын.

Құқыққорғау органының қызметкерлері қоғамдық орында мас күйінде отырған ер адамның қасына таяп «Жүріңіз, сізді үйіңізге жеткізіп тастайық» деп ұсыныс жасайды. Алайда жынды су жал бітірген Михаил Хамитов тәртіп сақшыларын тыңдағанның орнына былапыт сөздерді желдей естірген. Ашуы алқымына келген жігіт өз сөзін «өмір сүргілерің келсе бұл жерден қараларыңды батырыңдар!» деп аяқтайды.

Бұл жай ғана қорқыту емес екен. Асхат Бейсекенов оны орнынан тұрғызбақшы болып ұстай бергенде, Михаил қалтасынан пышақ алып шығып соққы жасайды. Полицейді қыстық киімі құтқарып қалды – пышақ дәл кеуде тұсқа кірген, бірақ қалың бушлаттан өтпей, денені сәл тіліп жіберген. Полиция қызметкерлері мұндайды мүлде күтпеген еді.

Суық қаруды қолынан тастамаған жігіт артқа шегінеді. Осы кезде айқай-шуды естіп қалған Андрей Глушаков есімді азамат көрші ауладан жүгіріп келген. Екі тәртіп сақшысы мен пышақ ұстаған дөкірді көрген еркек ойланбастан жедел әрекетке көшеді. Михаилға арт жақ тұстан жақындаған ол бас тұсына жұдырықпен соққы жасап, жерге құлатқан. Нұрым Үкібаев бірден бұзақының қолына кісен салады.

Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Сот үкімімен айыпталушы 1 жылға бос бостандығынан шектелді. Сонымен қатар Михаил Хамитов 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылып, 40 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ