Өскеменде «IT білгірі» жобасы аясында технология тілін меңгерген балалар марапатталды

1008
көрілім

Өскемен қаласының іргесіндегі Шығыс ауылында орналасқан Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 кітапхана бөлімшесінде осы жылдың басында балаларға технология тілін үйрететін жоба бастау алған еді. Жобаның демеушісі – «Казцинк» АҚ.

– «IT білгірі» жобасының мақсаты – ауылдағы қандас ағайынның балаларына заманауи технологияны үйрету. Міне, жаңашыл жобамыздың алғашқы сәтті нәтижесіне де жетіп отырмыз. Күні кеше «Robotics» және «Digital fashion» курстарын жетістікпен аяқтаған дарынды балаларға арнайы сертификатымызды салтанатты түрде табыстадық, – дейді аталмыш кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Айгүл Ахметжанова.

Ұлдар арасында оза шапқандар – Қаратай Жәнібекұлы, Ердәулет Бақытжанұлы, Алдияр Әділұлы. Ал қыздар ішінде өткізілген сайыста жеңімпаз атанғандар – Толғанай Амантайқызы, Диннура Мұрат және Жайнар Құмырхан. Оларға сертификаттан бөлек, бағалы сыйлықтар да табысталды. Жетістікке жеткен жас өрендердің қуаныштары қойнына сыймай, жаңа шабыт ала түсті.

– Қыздар арасындағы сайыста барлығы 15 қатысушы болды. Екі түрлі киімді виртуалды түрде үлгілеу тапсырылды. Оның бірі классикалық киім, ал екіншісі спорттық үлгідегі киім болды. Бірінші орынды иеленген Толғанай Амантайқызы қуаныштан көзіне жас та алды. Бұл оның өмір жолындағы жарқын жеңістерінің бастамасы деп сенеміз. Осы үйірмелерге қатыспаған басқа балалар да мұны көріп, қызыға түсті, – дейді №12 кітапхана-бөлімшесінің меңгерушісі Айнар Жарқын.