Өскеменде «Рухани жаңғыру және «Цифрлық Қазақстан-2019» бағдарламалары аясында «Алтай-2019» IT-Хакатон байқауы басталды. Облысымызда тұңғыш рет өткізіліп отырған шараға 6 команда қатысуда, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
– «Алтай-2019» IT-Хакатон байқауының маңызы өте зор. Себебі күн өткен сайын заман талабы цифрлық жүйені талап етуде. Қазір осындай технологиялардың арқасында тұрғындармен кері байланыс орнатуға мүмкіндік артуда, – дейді ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина.
Айта кетейік, байқауға облыс бойынша 6 команда қатысуда. Бұл шараның ерекшелігі, қатысушылардың осы жерде күндіз де, түнде де жұмыс істеуіне болады екен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар өздерінің жұмыстарын 20 қарашаға дейін өткізіп үлгеруі керек. Жеңімпаз болған командаға 2 миллион теңге сыйақы беріледі. Болашақ жас мамандар өз ойларын алдымен қағаз бетіне түсіріп, онан кейін ақпараттық технологиялардың көмегімен өз өнімдерін жасап шығады. Бұл біздің ғылыммен айналысуға аса құштар жастарымыз үшін таптырмас мүмкіндік екені рас.
Таунар ҚАЙРАТ