Қаладағы экологиялық жағдайдың айтарлықтай нашарлауына байланысты облыс орталығында экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасовтың қатысуымен кеңейтілген отырыс өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы уақыттары шаһардағы зауыттардан бөлінетін зиянды қалдықтар мөлшері шектен тыс артып, тұрғындарды едәуір алаңдатқаны рас. Осы ретте жауапты тұлға мәселенің мән-жайына қатысты кесімді сөз айту үшін арнайы атбасын бұрған.
- Өңірде табиғи ресурстардың жеткілікті мөлшеріне қарай бұл жақта бірнеше зауыттың жұмыс істеп тұрғаны белгілі. Түрлі кәсіпорындардың көптігі қоршаған ортаға өз зиянын келтіруде. Экологияны 80 пайыз ластап тұрған ірі кәсіпорындардан бөлінетін зиянды ауа қалдықтары. Осы ретте жүйелі жұмыстар атқарып, ұтқыр шешім қабылдау үшін қоғамдық пікірді де елеп-ескерген жөн, - деді жауапты тұлға.
Әрі қарай қаладағы ірі кәсіпорын басшылары, эколог мамандар сөз алып, баяндамаларын оқи бастады. Бірқатары ластанған ауаны тазартудың тиімді әрі қолжетімді жолы - қала ішін көгалдандыру қажет екендігін жеткізді.