Облыс орталығының Сәтпаев даңғылында қала ішілік бағдардағы шағын автобус өртеніп кетті. Қазіргі уақытта оқиға орнында жауапты қызметкерлер тексеру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі YK-avto.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиғаны көрген адамдардың айтуынша, шағын автобустан қозғалыс кезінде от шыққан. Көліктің жүргізушісі өртенген шағын автобусты екі жолды бөліп тұрған аралыққа бұрып үлгерген секілді. Өрт сөндірушілер жеткенше қоғамдық көлік толығымен өртеніп кетті.
– Жұмыс бабында №262 автобустан өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға күш салған жүргізушінің қолын күйік шалды. Одан басқа ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шарпу аумағы шамамен 10 шаршы метрді құрады. Болжам бойынша, өрт от қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс жүргізу кеселінен орын алуы мүмкін, – деп хабарлайды Өскемен қаласының ТЖБ баспасөз қызметі.