«Ұры түн асқанша, қасқыр дөң асқанша» демекші, қытымыр қыстың ызғарын сезген бұқара халық қалың киімдерін кие бастағанда ұры-қарылар аңға шыққандай әуселеніп құныға түседі. Адам көп шоғырланатын сауда орындарында, автобустарда тұрған жұрттың сыртқы киімдерінің қалтасынан немесе қолға асынған сөмкесінен бағалы заттарды жып еткізіп жымқырып алатын қалта қаққыштар Шығыс Қазақстанда аз емес… Әсіресе облыс орталығы болған Өскемен қаласында тіркелген осындай қылмыстардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қоймаған ұрыларға қандай тосқауыл қойылуда? Машықтанған қалта ұрыларының құрбанына айналмас үшін тұрғындар қандай сақтық шараларын жадында ұстағаны жөн? Бұл және басқа да сұрақтардың жауабын алу үшін Өскемен қалалық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел іздестіру бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Дамир Ерболовты әңгімеге тартқан болатынбыз.
Азайған орнына көбейіп келеді
Бүгінгі таңда облыс орталығында 30 қалта қаққыш тіркеуде тұр екен. Оның ішінде 24-і өскемендік болса, қалғаны Семей қаласы мен Глубокое ауданы сынды жақын маңдағы елді мекендерден келіп, қылмыстық әрекеттерін іске асырғандар.
– Қалта қаққыштардың маусымы негізінен күз мезгілінің ортасына таман басталып көктемнің аяғына дейін жалғасады, – дейді Дамир Ерболов, – Адам көп жиналатын жерлерді торуылдап жүретін олар ұрымтал сәт келгенде дағдыланған әдіске басып ұрлығын жасайды. Бейқам тұрған адам қалтасынан немесе сөмкесінен ұялы телефонының, әмиянының қалай жоғалып кеткендігін аңдамай да қалады. Ал олжасын уысына түсіріп жылмыңдаған ұры бірден сол жерден тайып тұрады.
Автобус ішінде таңертең және кешкі уақытта инешаншар орын болмайтыны белгілі жайт. Бұл мүмкіндікті қалт жібермейтін қалта қаққыштар жапырлаған жұрт қыстырылысып тұрған қоғамдық көліктердің ішіне енеді.
– Қалта қаққыш автобусқа кіре салысымен өзіне құрбан іздейді, – деп полиция майоры әңгімесін жалғастырды, – Содан соң, оның қасына ауық-ауық таяй береді де, ақырындап итерілісе бастайды. Қалың киінген адамдар ұрының сыртқы қалтасына қолын сұққанын мүлде сезбейді. Қолы жыбырлаған ұрлықшы мақсатына жеткеннен кейін лезде бүкіжіңдеп, автобустан түсіп кетеді. Қалта ұрыларын көбінесе 42, 1, 12, 46 сынды бағыттарда қатынайтын автобустарда жиі байқаймыз.
2017 жылғы көрсеткіштер бойынша, полиция қызметкерлері Өскемен қаласы тұрғындарының қалтасын үптеп кеткен 17 адамды қолға түсірген. Өткен жылы осындай ұрлық фактісімен 10 құқықбұзушы ұсталған болатын.
Ұрыны ұстау үшін…
– Жергілікті полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлардың, сондай-ақ қылмыстық істі тексеру полициясының көмегімен қалта ұрыларының фотосуреттері қойылған ескертпе қағаздарын дайындап, қоғамдық орындар мен автобус терезелеріне жабыстырдық. Дүйім жұртқа түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп отырамыз. Тіркеуге алынған қалта қаққыштарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеріп, бақылаймыз. Сондай-ақ, қылмысқа тосқауыл қою үшін азаматтық киім үлгісін киген (гражданская форма одежды) полицейлер қарбалас сәттерде автобустарға отырып, қалта ұрыларының алдын бөгейді. Бірақ олардың арасында сақшылардың кескін-кейпін біліп алғандар да жоқ емес, – дейді Дамир Ерболов.
Жұмыс барысында екі езуіңді екі құлағыңа дейін тартқызар күлкілі оқиғалар да орын алып жатады екен. Бірде полиция бөлімшесіне келген әйел адам «белгісіз біреу пакетімді кесіп, ішінен бағалы заттарымды қолды қылған» деп арыз жазыпты. Сөйтіп, тәртіп сақшылары оқиға орын алған сауда дүкенінде орнатылған бейнекамера арқылы қылмыскердің кім екендігін анықтамақ болады. Алайда сол бейнежазбадағы көрініс полиция қызметкерлерін тіптен таңқалдырған: жәбірленуші ретінде келген азаматша өз пакетін өзі кесіп тастапты. Осылайша, ол жоғалтып алған дүние-мүлкін ұрының «атына» жаба салмақ болған болуы керек.
– Кейбір азаматтар ұялы телефондарын жоғалтып алады да, «ұрлап кетті» деп дабыл қағады, – дейді Өскемен қалалық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел іздестіру бөлімшесінің бастығы, – Олар осы арқылы «телефонды тез тауып аламын» деп ойлайды. Бұл сияқты жалған шағымдардың жұмысымызға біршама кедергі келтіретіні рас. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін түсірдіру жұмыстары барысында «өтірік арыз жазған адам ҚР ҚК-нің 419-бабымен жауапкершілікке тартылады» деп қатаң ескертіп отырамыз.
Әдет пе, әлде құныққандық па?
Ел қатарлы еңбек еткісі келмейтін қылмыскерлердің оңай ақшаға әбден еттері үйренген болуы керек. Олай дейтініміз, бір рет ұрлыққа барған адамның осындай заңсыз әрекетін тағы да қайталауы жиі орын алуда.
– 2017 жылы облыс орталығында тұратын қалта қаққыштардың бірі 4 рет ұрлық істесе, Глубокое ауданынан келген қалта ұрысы қылмысын бір жылда 9 мәрте жасап үлгерген. Ақшасы таусылғанда атбасын Өскеменге бұратын 46 жастағы еркек, «кәсібін» іске асырған соң, қайтадан үйіне қайтып оралады. Сонымен қатар, осындай теріс жолмен пайда табуға құныққан бір егде жастағы әйел адам бар. Кәрілікті тұсау көрмеген ол мосқалдығына қарамастан осындай заңсыз жолға түскен. Әжесіндей адамнан мүлде қауіп көрмеген қала тұрғындары одан жиі зардап шегіп жатады, – дейді Дамир Ерболұлы.
Құрықталғанымен қамалмайды
ШҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысында 104 қалта ұрысы тіркеуге алынған. Құқық қорғау органының қызметкерлеріне 228 ұрлық фактісіне қатысты арыз-шағым келіп түсіп, оның 105-і ашылған екен.
– Қалта қаққыштарға ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 1-бөлігімен жауапкершілік қарастырылған, – дейді әңгімелесушіміз, – Бір өкініштісі, көп жағдайда қалта қаққыштар жеңіл жазаға тартылып жатады. Тіпті, қылмысын бір емес, 10 рет жасаған ол жәбірленушімен келісімге келіп, шығынын өтеп береді де жауаптан құтылып кетеді. Ары кетсе бірнеше тәулікке уақытша ұстау изоляторына жабылады. Біраз жыл түрмеге қамалып түзелгеннің орнына ұры бостандықта тайраңдап, өзінің қылмыстық әрекетін жалғастыра береді. Мұндағы мәселе тек қос тарапта ғана емес, заңның өзінде. Ең үлкен «әттеген-айымыз» осы.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне зардап шеккен тұрғындардың тым кеш хабарласатындығы да қиындық туғызады. Себебі мақсатына жеткен қалта қаққыштың сол жерден дереу ізін суытуға ұмтылары айдан анық. Ал қылмыс фактісінің кешеуілдеп жеткізілуі салдарынан ұрыны қолға түсіру тәртіп сақшысын біршама әбігерге түсіреді.
Абай болыңыз!
Қалта қаққыштардың құрбаны болмас үшін төмендегі сақтық шараларын ұстанғаныңыз жөн:
– Әйел адамдарға сөмкелерін алдына қаратып ұстаған абзал.
– Ер адамдар ақшасы мен құжаттарын күрткесінің төс қалтасына салуы керек.
– Ақшаңыз бен бағалы заттарыңызды артқа асынған сөмкеге салмаңыз!
– Әмияныңыз киіміңіздің қалтасынан көрініп тұрмағандығына көз жеткізіңіз.
– Заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз!
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ