Өскеменде қаңғыбас иттер тұрғындарға тап берген

392
көрілім

Өскеменнің іргесіндегі Ахмер ауылында қаңғыбас иттердің адамға шабуылдауы жиілей түскен. Тіпті ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден де жүрексініп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Себебі иттің қожайыны төбеттерін бос жіберсе, біршамасы қараусыз жортатын көрінеді. Бұл туралы тұрғындар қала әкімі Жақсылық Омардың есептік кездесуінде айтты.

– Ауылда қаңғыбас иттер көбейіп кетті. Жуырда баламды мектепке барар жолда ит қауып алды. Иесіне барып едім, үйінен шықпай қойды. Қазір балалар сабаққа баруға қорқады. Кеш бата төртаяқтылар ересек адамдарға да тап беруден тайынбайды. Оған дәлел таяуда мектеп мұғалімін абайсызда ит тістеп алған. Осылайша итке таланып отыра беруіміз керек пе? – дейді Төлеугүл есімді Қобыланды батыр көшесінің тұрғыны.

Жергілікті атқамінерлер қолдан келген бар мүмкіндікті пайдаланып жатқандарын алға тартты.

– Былтыр 2700 ит атылды. Қаңғыбас иттердің қаптап кетуіне тұрғындар өздері кінәлі. Себебі жаз айларында саяжайларда ит асырап, күзде өздері қаладағы пәтерлеріне кеткенде жануар қараусыз қалып жатады. Дегенмен мәселе жуық арада бір шешімін табады. Бұл орайда тағы бірнеше рет рейд жүргізетін боламыз, – деді қала әкімі.

Таунар ҚАЙРАТ