Өскеменде Қанипа Бітібаева және Асқар Ислямов атындағы республикалық олимпиада жеңімпаздары анықталды

765
көрілім

Екі бірдей олимпиада Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 100 жылдығыvty тұспа-тұс келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алдымен Достық үй қоғамдық келісім орталығында ашылуы өтіп, артынша «Жас ұрпақ тәрбиесіндегі Абай тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстел жалғасын тапты. Республика деңгейінде ұйымдастырылған жиында түрлі университеттен келген абайтанушы-ғалымдар, профессорлар, педагогика және филология ғылымдарының докторлары құнды мәліметтерімен бөлісті. Ал екі бірдей сайыстың жеңімпаздары облыстық Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» залында марапатталды. Алдымен ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департамент директорының орынбасары Ақзира Қасымова сөз алып, олимпиаданың маңызына тоқталды.

Әрі қарай білім саласында тер төккен жандар «Еңбек ардагері», «Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі» сияқты медаль және құрмет дипломдарымен марапатталды. Біліммен қатар спортшылар да елеусіз қалмады. Айталық, Ұлан ауданының тумасы, қол күресінен 11 дүркін Әлем чемпионы Деши Дурсаеваға да сый-сыяпат көрсетілді. Бұдан соң облыс әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев білім саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табыстады.

Ал қатысушылар үшін ең маңызды сәт – қос бірдей олимпиаданың қорытындысы. Көпшілік көңілін толқытар сәт алдында «Ертіс концерт» шығармашылық ұжымы мен солистері концерттік нөмір ұсынды.

Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада жеңімпаздарын марапаттауға осы әулеттің өкілі Бақытжан Аханова шақырылды. Сонымен, аталған бәсекеде 3-орын Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі студенті Гүлім Қуанышбайға бұйырды. Ұйымдастырушылар 50 мың теңгенің сертификатын табыстады. Павлодар облысындағы Б.Ахметов атындағы Жоғары педагогикалық колледжінің студенті Әмина Адамова 2-орын иеленсе, Астана халықаралық университеті, Педагогикалық колледжі студенті Айкен Жұбатқанқызы бірінші орынды еншіледі. Айта кетейік, екінші орынға – 75 мың теңге, жеңімпазға – 100 мың теңге берілді.

– Бұл жарысқа дайындалған кезде Қанипа Бітібаеваның өмірбаянынан бастап, атқарған жұмысы, еңбек жолын – түгел қарадық. Өзім қазақ тілі және әдебиет пәнінің 2-курс студентімін. Әр облыстан мықтылар келетін болғандықтан, дайындықты күшейттік. Бұл мен қатысқан ең ірі сайыс. Бірінші айналымда эссе жаздық, екінші айналымда 10-11 сынып базасы бойынша сұрақтарға жауап бердік, – деді Айкен Жұбатқанқызы.

КСРО Халық ағарту ісінің үзлігі Асқар Ислямов атындағы республика педагогтері арасындағы «Үздік педагогикалық эссе» байқауында Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Тұрар Дүйсенова үшінші орыннан көрініп, 75 мың теңгеге ие болды. №2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің оқытушысы Сәндібек Бермағанбетовке екінші орын (100000 теңге) бұйырса, Қарағанды қаласы, Шет тілдер колледжінің оқытушысы Қымбат Есмұратова топ жарып, 150000 теңгенің сертификатын алды.

– Педагогтер арасындағы байқауда жеңімпаз атанып, қатты қуанып отырмын. Ұстаздар мәртебесін бекітетін осындай сайыстар көптеп ұйымдастырылса, студенттер мен оқытушылардың жұмысқа деген ынтасын арттыра түседі. Екі байқау Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 100 жылдық мерейтойымен ұштасқан екен. Бұл да атаулы жайт. Колледж ұжымын, ардагер ұстаздарды һәм студенттерді осы мерекемен құттықтаймын. Жалпы, эссе байқауы аз уақытта ойыңды нақты жеткізуге қамшылай түседі. Қанипа ұстазымыздың өзі айтып кеткен «ой тастау», «ойлану» технологиясы деген бар. Эсседе ойыңды түйіндей білуің маңызды. Осыған дейін жинаған мол тәжірибеміздің арқасында бірінші орын иелендік, – деді Қымбат Ғинаятқызы.

Шара соңын аталған колледж директоры Фархад Құрманов қорытындылап, барша қатысушыға алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.